Қазақстан көмірден біржола бас тартса 30 мың шахтер қалай күн көрмек?

Қазақстан 2060 жылға қарай көмірден түбегейлі бас тартады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл бағытта доктрина жобасын әзірледі. Бастаманың екі ұшы бар. Елордада өткен «Екінші көмір форумында» сала мамандары бірқатар сын-қатерді алға тартты. Ол қандай тәуекелдер?

Жыл басынан бері елдегі кәсіпорындар 79 млн тонна көмір өндірді. Өндіріс көлемі жылдан жылға артып келеді. Себебі сұраныс көп. Тіпті әлемнің ыстық мемлекеттері де көмір өңдеуші зауыттарды салуды көздеп отыр. Ендігі мақсат олармен байланыс орнату. Әттеген-айы тасымал қиындап тұр. Вагон тапшы.

Николай Радостовец, тау-кен өндіруші кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:

- Көмірге деген сұраныс өте жоғары. Қазақстан темір жолын реформалау қажет. Көмір тасымалында бәсекенің болуы да маңызды. Локомотиві бар жеке кәсіпкерлерге мүмкіндік беру қажет. Тек ол мәселелермен біздің айналысқанымыз дұрыс емес. Біз келісім-шарт міндеттерін орындап, көмір өндіруіміз керек. Осы тасымал қиындығынан экспорттық келісім-шарттарымыз орындалмай қалып жатыр. Мұның салдары бізге ғана емес, экономикаға әсер етті. Қомақты салық түспей қалды. Үкімет осыған үлкен көңіл бөлуі керек.

Үкіметтің салаға назары ауды. Алайда бұл жаңалық көмір өндірушілерді қуанта қойған жоқ. Себебі алдағы 40 жылда қатты отыннан түбегейлі бас тартуымыз мүмкін. Арнайы доктрина да әзірленді. Тек өндірушілердің назы бар. Кәсіпорындар жабылса, 30 мың шахтер қайда барады? Көмір өндірумен күн көріп отырған, моноқалалар қайтпек? Елдегі игерілмей жатқан қатты отын ошақтары бар. Саладан түбегейлі бас тартпай, соларды жаңғырту жолын іздеуге болмай ма? Сұрақ көп. Ұсыныс та жоқ емес.

Қанат Оспанов, Қазақстан химиялық өндіріс одағы төрағасының кеңесшісі:

- Көмір химиясы және мұнай-газ химия салалары. Менің ойымша, осы екі сала Қазақстан үшін стратегиялық бағыт болуы керек. Өйткені осы уақытқа шейін қазба байлықтарды тек қана энергетикалық ресурс ретінде пайдаландық. Енді оны химия өндірісі үшін шикізат ретінде пайдалануымыз керек. Яғни біз жаңа сатыға көтерілуіміз керек. 

Мамандар көмірді қайта өңдеуге қауқарымыз бар дейді. Бастысы, 10 жылдық стратегия түзіп алу қажет. Көмір өндірушілер үшін ішкі және сыртқы нарыққа қанша көлемде энергия көзі қажеттігін жіті зерделеп алу маңызды.

Николай Радостовец, тау-кен өндіруші кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:

- Баламалы энергия көздері дамыған сайын электр қуаты да қымбаттап жатыр. Біз газды көмірмен алмастырар болсақ оның мөлшері қандай болуы керек? Білсек дейміз. Жалпы газ бойынша стратегияны қайта қарау маңызды. Көгілдір отын өзімізге жетпей жатып, бұл саланы дамытамыз деу қате. Шағын қалаларды өлтірмей, шығарып жатқан көмірін қайта өңдеуге мүмкіндік берілуі керек.

Бүгінде әлем халқын энергия тапшылығы алаңдатып отыр. Көптеген мемлекет көмірге көшуді көздей бастады. Қатты отын қымбаттап жатыр. Бұл мүмкіндікті пайдалану керек дейді мамандар. Еуропа, Азия елдерінен түсіп жатқан сұранысты толық өтеуге қауқарымыз да жеткілікті. Биыл Қазақстан 23 млн тонна көмір экспорттаған. 

Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев