Елорданың Байқоңыр ауданында 57 аула абаттандырылды

Елордадағы бірнеше аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылды. Қала бюджетінен шамамен 35 млн теңге жұмсалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңартылған аулада ойын баласына қажетті барлық құрылғы бар. Әткеншек, сырғанауға арналған төбешік, әмбебап тренажерлар, бұрын-соңды болмаған футбол алаңына дейін осында. Аула таспен өріліп, айналасы асфальтталған.

Гауһар Жунубаева, қала тұрғыны:

– Бұрынғы ауладағы барлық құрылғының тозығы жеткен еді. Жаңарту үшін әкімдікке хат жаза бастадық. Содан кейін әкімдік атынан урбанистер хабарласты. Белсенді тұрғындармен кездесіп, жаңа ауланың жоспарын құруды ұсынды. Қуана келістік.

Қала тұрғыны Гауһар Жунубаева тұратын ауланың жарықтандыру жүйесі де жөнге келді. Өсіп тұрған талдардың топырағына дейін жаңартылған. Үй артындағы автотұрақ та кеңейтілді. Кез-келген ауланы осылай жаңғырту үшін жергілікті тұрғындардың оннан астам проценті келісімін беруі керек.

Нұрбол Айтбеков, Байқоңыр ауданы әкімдігі Абаттандыру бөлімінің басшысы:

– Бізде ауданның интернет сайты бар. Соған өтінім берсе болады. Ол жерде мекен-жайды жазып, ауланың немесе учаскенің сол жағдайын түсіріп, өзінің идеясын планын жасап жіберсе болады. Биылғы жылы 57 аулаға 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

Жалпы аудан бойынша осы жылы 12 мың шаршы метр аумаққа тас, 19 мың шаршы метрден астамына асфальт төселді. 200-ден астам темір гараж алынып, оның орнына 150 көлікке шақталған автотұрақ салынды. Жоспардағы 7 қоғамдық кеңістіктің қазір үшеуі пайдалануға берілді. Ал келер жылы Байқоңыр ауданында 75 ескі аула абаттандырылмақ.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерлан Наурызбаев