Білім беру жүйесіндегі жемқорлық мемлекет болашағына тікелей қауіп төндіреді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы еліміздің жоғары оқу орындарының ректорларымен және ғылыми қоғамдастығымен кездесті.

Алматы қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов жоғары білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кеңеске Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми және сараптамалық қоғамдастық қатысты.
Кездесуде жоғары білім беру саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясындағы негізгі түйткілді мәселелер талқыланды, сондай-ақ жұртшылықты тарта отырып, сарапшылық қоғамдастық арасында белсенді талқыланып жатқан 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасы таныстырылды.
«Білім беру жүйесіндегі жемқорлық мемлекеттің болашағына тікелей қауіп төндіреді. Оны болдырмауға арналған құралдар бар, тек оларды пайдалану керек. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз – оны азайту және жоюға қажетті барлық шараларды қабылдау. Жоғары оқу орындарында адал еңбекті бағалайтын және өз Отанына қамқорлық көрсететін еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу және оқыту», - деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы.
Сонымен қатар, кеңесте еліміздің университеттерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді енгізу және студенттер арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспарларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен оның аумақтық бөлімшелері университеттердің құрылымында аталған қызметтерді ашу, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы комплаенс институтының жұмысын ұйымдастыру бөлігінде барлық әдістемелік көмек көрсететін болады.
Кеңестің «ашық диалог» түріндегі форматын ескере отырып, ғылыми қоғамдастық пен ЖОО басшылығы білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мәселелері бойынша өз пікірлері мен идеяларын бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Білім және ғылым министрлігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Тараптар бірлескен жұмыстың жоспарлары мен жобаларын талқылады.