Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында күрделі операция жасалды

Жақында ғана жөндеуден өткен кардиохирургиялық бөлімшеде алғашқы операция британиялық азаматқа жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Операция өте сәтті өтіп, 74 жастағы науқас қазіргі бөлімшеге ауыстырылды. Жағдайы жақсарып келеді. Жуырда үйіне шығарылады.

Британиялық азамат Джон Паттерсон біраз жылдан бері біздің елде тұрып келеді екен. Басы айналып, дем жетпей жағдайы нашарлаған кезде дәрігерлер көмегіне жүгінген. Мамандар науқастың денсаулығын тексере келе жүректің қолқа қақпақшасын ауыстырып қана қоймай, үш тамырдың қан айналымын реттеу керектігін анықтайды. 

Джон Паттерсон, науқас:

– Қазақстандық медицинаның дамып келе жатқанын естіп, көріп жүрген соң алысқа бармай-ақ, осында операция жасатуға тәуекел еттім. Операция 5 сағатқа созылды. Қазір, міне, көріп отырсыздар, күннен-күнге жағдайым жақсарып келеді. Осындағы барлық ақ халаттыларға айтар алғысым шексіз.

Алматыдағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жылына 150-ден аса күрделі операция жасалынады екен. Жақында ғана жөндеуден өткен кардиохирургиялық бөлімше заманауи үлгідегі медициналық техникалармен жабдықталған.

Рүстем Тілеутаев, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Соңғы кезде алған жабдықтардың ішінде 3D туроскопиялық жаңа нысан бар. Сол құралдың көмегімен операция жасағанда кеудені кеспей, бірнеше тесік арқылы жасауға болады. 

Бұл ауруханада тек жүрек емес, бүйрек, бауыр секілді адамның маңызды ағзасын емдейтін білікті мамандар да бар. Мұндағы дәрігерлер жыл сайын медицинасы дамыған шет мемлекеттерге барып, білімін жетілдіріп отырады. Сондықтан денсаулығыңыз сыр берсе, алысқа бармай-ақ Алматыдағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына қаралсаңыз болады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмбаев