Түркістанда Брайль әліпбиіне негізделген қазақша кітап жоқ

Әсіресе, қазақ тіліндегі туынды тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған Брайль әліпбиімен кітап басу ісінің дұрыс жолға қойылмауы себеп. Машақаты көп шаруаға баспаханалар да бара бермейді. Салдарынан көру қабілетінен айрылғандар білім алу мүмкіндігінен айырылып отыр.

Ержан Ибрагимов күні бүгінге дейін күн көсемі жайлы әдебиеттерді оқиды. Өйткені Түркістандағы кітапханада бұдан басқа Брайль әліпбиіне негізделген қазақша кітап жоқ. Қордағы бірнеше басылымның өзі өткен ғасырда шыққан.

Ержан Ибрагимов, Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері:

– Орысша кітаптар көп бізде, қазақ тілде аз. Себебі КСРО кезінде қазақша кітаптарды басып шығаратын орталықтандырылған типография бар еді. 90 жылдары ол типография сатылып кетті.

Қазақтың класссикалық туындыларын мамандандырылған кітапханалар ғана басып шығарады. Таралымның аздығынан ол теңізге құйған тамшыдай әсер етіп отыр. Сондықтан 100 мыңға жуық отандасымыз көрші елдің кітаптарынан білім алуға мәжбүр.

Мақпал Тәжмағамбетова, Қр Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Әр жолы сіздер зағиптардың мемлекеттік және заманауи тілдердегі әдебиеттерге толыққанды қол жеткізу үшін дербес мамандандырылған баспахана ашу қажеттігін айтқан болатынсыздар. Алайда барлық кезде де шешім қабылдау кейінге ысырылып келеді.

Нұрғиса Дәуешов, ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

– Бедерлі нүктелі шрифтті баспахананы ашу бойынша қазіргі таңда шет мемлекеттердің тәжірибесі зерттелді. Оған арнайы осы саланың мамандары 2022-2024 жылдардағы бюджетті нақтылау кезінде ұсыныс береміз.

Кітапхана қоры отандық туындылармен толыққанша мамандар көз жанары суалған жандарға аудио кітаптарды тыңдауға кеңес беріп отыр.

Шыңғыс Қалиден, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішов, Самат Нағашбекұлы