Семей қоқысқа толды

Шаһарда тұрмыстық қалдықтар үйіліп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаладағы контейнерлер лық толып, қолаңса иіс қолқаны қапты. Үш күннен бері тазалыққа жауапты компания қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп, жұмысқа шықпай жатыр.

Жүзден аса адам жалақысын көтеріп, жұмыс орнында жағдай жасауды талап етіп отыр. Олар ауыр еңбектің бағаланбағанына шағымданып, тұрмыстық қалдықтарды шығарудан бас тартқан.   

Әсет Дәулетов, жұмысшы:

- Ақша аз. 75 мың береді. Ол не болады? Бәрі көтеріліп жатыр. Бала-шағамыз бар.

Сергей Гриппа, жүргізуші:

– Қазір бізден бәрі кетіп жатыр. 70-100 мың теңгеге өмір сүріп, бала-шағаңызды асырап көріңіз. Баға күн сайын өсіп жатыр. Осыдан мәселе туындап отыр. Жұмысымыз өте ауыр.

Александр Екибаев, жұмысшы:

- Тарифті көтеріп, жұмыс жағдайымызды жақсартсын. Жуынатын жер жасап берсін. Ақшаны көтеріп, арнайы киім берсе жұмысшылар келеді.

Тазалыққа жауапты компания басшысы алты жылдан бері қызмет құнын өсіре алмай келе жатқанын айтып отыр. Оның пікірінше, жергілікті әкімдік жасалған ұсынысқа құлақ аспайтын көрінеді. Мәслихат депутаттары болса тарифті көтеру жөнінде шешім қабылдап артынша оның күшін жойған.

Бекжан Қапышев, «Семей Тазалық» ЖШС директоры:

- Енді қоқыс та шығарылмай жатыр. Бізге техниканы жаңарту керек. Жұмысшылардың жалақысын көтеруіміз керек. Сол бәрі тарифке қарап отыр. Мына шопырлардың жалақысы аз. Ол қиын жұмыс. Күнде қоқыстың арасында жүреді. Үшінші күн жұмысқа шықпай жүр. Олар әкімдіктен қағаз сұрап жатыр. Әкімдік осы жағдайға кірісу керек.

Рафаил Хазипов, қалалық қоқыс полигонының иесі:

– Маған қала әкімінің және әкімдіктің позициясы түсініксіз. Мәселені осындай жағдайға жеткізбеуіне болады ғой. Қазір сот процесі өтіп жатыр. Онда медиациялық келісімге келуге шақырды. Бірінші тарап келісті, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер қол қойды, ал әкімдік қол қоймайды. Енді адамдарға келіп, мән-жайды түсіндірсін.

Түйткілді мәселенің түйіні тарқатылмағанынан тұрғындар зардап шегіп отыр. Көпшілігі ақшасын уақтылы төлесе де, шығарылмаған қоқыс үйіндісінің жанында өмір сүруге мәжбүр. 

БЛИЦ:

– Үш күн бұрын болмаған. Міне қазір үйіліп кетті. 

– Бағаны өсіру үшін істеп отыр. Әйтпесе біздің үйдің тұрғындары бәрі ақша төлейді.

Ал қалалық ТҮКШ бөліміндегілер есеп қисапта кеткен қателікке байланысты тарифті көтеру жөніндегі шешім күшін жойды дейді.

Амантай Өтелбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Мен олармен кездестім. Жұмысшылармен және жүргізушілермен сөйлестім. Жағдайды түсіндірдім. Біз тарифті көтеру мәселесін қалалық мәслихат қарауына шығарып, жақын арада шешуді жоспарлап отырмыз. 

Үш күн ішінде қаладағы контейнерлер тұрмыстық қалдықтарға әбден толды. Енді қоқыс алаңына айналып барады. Бірер күнде мәселе шешілмесе шахардағы жағдай күрделене түспек.  

Шыңғыс Қалиден, Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы