Қостанай облысында шөп шығымы былтырғыдан екі есе төмен

Қостанай облысында шөп шабу науқаны әлі аяқталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дала жұмыстарының күз ортасына дейін созылуына құрғақшылық себеп. Өңірдегі шөп шығымы былтырғыдан екі есе төмен. Мал азығының бір жылдық қорын дайындау үшін орман шаруашылықтарына және су қоймаларының бойындағы жайылымдық алқаптарға техника жіберуге тура келді.

Абылайхан Ағатаев басқаратын шаруа қожалығы қазан айында күн батқанша шабындықта жүр. Себебі күзгі жаңбырдан кейін алқаптарда едәуір шөп өскен. Енді оны қар жаумай тұрып жинау мақсаты тұр.

Абылайхан Ағатаев, шаруа:

– Өнім жоқ. Соның өзінде де дайындадық, сайдан, көлден жинап, ағаштың арасынан, бөтен шөп болсын. Алуан шөпті шауып жатырмыз. Жылда қыркүйекте, тіпті тамызда болатын едік. Бәрін дайындап. Ал биыл созылып кетті.  

Шаруашылық көп жыл бойы асыл тұқымды малды түрлендірумен айналысады. Қазақтың ақ бас сиырын өсіреді. Қыста 500-дей бас ірі қара мен осынша жылқыны, 700-ге жуық қойды азықтандыру үшін 2 мың тонна шөп дайындапты. Етке тапсырылатын мал тағы бар. Бірақ фермерлер баға мәселесіне алаңдаулы.     

Абылайхан Ағатаев, шаруа:

– Қазір жұрттың бәрі малын тапсырып жатыр. Ет көп, сәйкесінше бағасы түсіп кетті. Тапсыру қиын. Жылқы етінің бағасы семіз болса 2100 теңге, жазда 2200 теңге болды. Сиырдың еті 1800 теңге болып еді, қазір 1500 теңге. Қойдың еті 2000-нан 1300-ге дейін түсіп кетті. 

Төрт түліктің бағасы тек бордақылау алаңдарында тұрақты. Ал Жітіқарадан сол жерлерге жету үшін 300 шақырымды еңсеруге тура келеді. Сол себепті бір-екі бас мал тапсыратындар үшін бұл тиімсіз.

Диар Айжаров, Жітіқара ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Биыл Меңдіқара ауданы 100 тонна шөп ретінде демеушілік білдірді. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қысқы мал азығын дайындап бердік. Қазір біздегі шөптің құны орташа. Тоннасы – 40-45 мың теңге. Шығым аз болғандықтан, орман қоры мен жайылымдық алқаптарда шөп шаптық.

Облыстағы ірі шаруашылықтар да көмексіз қалмайды. Мал азығын қиналмастан сатып алатындай субсидиямен қамтылады. Бұл мақсатта жергілікті қазынадан 2 млрд теңге қарастырылған.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров