Шарын шатқалында қауіпсіздік үңгіршелері орнатылып жатыр

Алматы облысындағы Шарын шатқалында түрлі төтенше жағдай кезінде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін үңгіршелер орнатылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай жабдықтар қажет дейді мамандар. Бұл іс-шаралар ұлттық табиғи паркті дамыту тұжырымдамасы аясында қолға алынды.

Аршын Кемелжан, тілші:

– Шатқалдың аңғарында туристер үшін мынадай демалатын орындар жасақталған. Төбесі жабық құрылым адамдарды аптап ыстықтан, жауыннан, шатқалдағы тастардың құлауынан немесе селден сақтайды. Өйткені бұл жер төтенше жағдайлар департаментімен зерттеліп арнайы таңдалыпты.

Әзірге қауіпсіздік үңгіршелері үш жерден қойылған. Қажеттілік туындап жатса кейін тағы көбейтіледі. Естеріңізде болса, биыл 29 мамырда селдің кесірінен 2 адам қаза тапқан болатын. Бір бүлдіршін ертесінде табылған еді. Ұлттық паркте экологиялық туризмді дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы жасалыпты. Алдағы бірнеше жылда Шарынды дамытуға инвесторлар 3 миллиард теңге салуды жоспарлап отыр. Парктің ұсынысымен, инвесторлардың қолдауымен инфрақұрылым мәселесі шешіледі. 

Құтылықжан Юунусов, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы:

– Концепцияда көрсетілген инфрақұрылымдарды дамыту. Ол жерде глемпинг, сапар орталығы, қонақ үйлер, кемпингтер, туристерді тамақтандыруға арналған ресторандар сияқты көптеген осы туристердің келіп демалуына жағдай жасалатын инфрақұрылымдар дамитын болады.

Шарынды тамашалаушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. 10 жыл бұрын мұнда жылына 1300 адам келген болса, биыл тоғыз айда саяхатшылардың саны 33 мыңнан асыпты. Нәтижесінде аумақтың туристік әлеуеті де едәуір жақсарған. Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің негізгі бөлігін жануарлар әлемі құрайды. Мұнда сүт қоректілердің 34 түрі, бауырымен жорғалаушылар, қос мекенділер мен құстардың алуан түрі мекендейді. Олардың арасында қызыл кітапқа енген қарақұйрық, Сібір тау ешкісі, сабаншы, сілеусін және Орта Азия құндызы бар. Заңсыз аң аулаушыларменде күрес күшейеді. 

Арсен Нұрғалиев, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы:

– Соңғы дерек бойынша 2019 жылы осы аумақта қара құйрық жабайы жануарын атқаны үшін азамат ұсталып, қылмыстық іс ашылып, айыппұлдар төленді. Қазір бір қара құйрыққа коэфициенттермен сол кездің АЕК есептегенде 9 миллион 90 мың теңге айыппұл салынған болатын.

Табиғи парк аумағында Шарын шатқалынан өзге тағы да үш туристік бағыт бар. Олар Шарын ерен тоғайы, бейіттер мен қорғандар және Темірлік кіші шатқалы. Парк мамандарының айтуынша, Шарын бір жылда 200 мыңға жуық туристі қабылдауға қауқарлы екен.

Аршын Кемелжан, Радик Жакупов