ДДСҰ COVID-19 таралуын тежеуде түркістандық дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері коронавируспен күресте Түркістан облысының ерекше көзге түскенін атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Инфекцияның таралуын тежеуде дәрігерлер еңбегін жоғары бағалады. Себебі халқы тығыз орналасқан оңтүстік жұртшылығы жыл бойы «жасыл аймақта» тұрған елдегі жалғыз өңір болды.

Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырудың 42 дерегі анықталды. Аудан-қалалардағы жұқпалы аурулар ауруханасында жағдай қалыпты. Төсек-орынның толымдылығы айтарлықтай төмен. Сондықтан мамандар статистикалық көрсеткішті оң бағалап отыр. 

Кэролайн Кларинваль, ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің жетекшісі:

– Біз медицина қызметкерлерінің COVID-19-ға қарсы күресте үлкен күш-жігерін көріп отырмыз. Бұл инфекцияның кең таралуын болдырмауға мүмкіндік береді. Күресті жалғастыру керек. Ол үшін ДДҰ қолдау көрсетіп, барлық ресурстармен бөлісуге дайын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері жергілікті медицина қызметкерлерімен тәжірибе алмасып, өңірдің эпидемиологиялық ахуалымен танысуға арнайы келді. Облыс әкімдігі вируспен күресу жолында бірнеше жобаны жүзеге асыруды жалғастыра бермек. Сондай-ақ медицинаның дамуын ілгерілету міндеті мен көпбейінді аурухананың құрылысы күн тәртібінен түспек емес. 

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

– Сіздердің бұл сапарларыңызда жұмыс жоспарыңыз бен арнайы кездесудің көптігін жақсы білемін. Сіздерге сәттілік тілеймін! Қош келдіңіздер! Қолдауларыңыз бен ықыластарыңызға алғыс айтамын. Біз салып жатқан бұл аурухана барлық облысқа үлгі болмақ. Сондықтан сіздермен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. 

Сондай-ақ Түркістан облысы екпе егу науқанын аяқтауға жақын қалды. Бүгінгі күнге дейін өңірдің миллионға жуық тұрғыны COVID-19-ға қарсы вакцина салдырды. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбіш