23 қазан Халықаралық қар барысы күні

Бүгін халықаралық қар барыстарын қорғау күні. Қызыл кітапқа енген жыртқышты сақтап қалу маңызды. Сол істі атқарушылардың бірі Қазақстандағы қар барыстарын ғылыми зерттеу орталығы.

Ғалымдардың жоспары көп. Тек іске асыру үшін біраз қолдау керек. Сәтін салса болашақта қар барысының саны көбейе түсуге тиісті.

Қар барысы әлемде тек 13 елдің аумағында кездеседі. Атап айтқанда, Алтай тауының Ресей тарапында, Моңғолия, Қырғызстан, Непал, Үндістан және Қазақстанның биік таулы жерлерінде өмір сүреді. Аңдардың мекендейтін ортасына жету қиын, сондықтан қар барысы аз зерттелген. Бірақ жақын арада Қазақстанда жыртқыш жануарды сақтау, қолдау және өсірумен айналысатын әлемдегі алғашқы зообақ ашылуы мүмкін.

Арман Кашкенбеков, Қар барыстары халықаралық қорының атқарушы директоры:

- Қар барыстарына арналған әлемдегі алғашқы бақтың пилоттық жобасы Алматыда іске асырылады. Оның аясында қар барысын сақтау, оңалту ғылыми орталығы болады.  Жаңа жылдан бастап жоба бойынша нақты жұмыстарға кірісеміз. Қазіргі уақытта Қор жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап жатыр.

Қар барысын зерттеп бақылайтын орталықты Іле Алатауы Ұлттық саябағында ашу жоспарланған. Қазір қор экология министрлігінен қолдау күтіп отыр. Жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Мысық тұқымдас аңдарға арнайы бақ ашу үшін бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінуі мүмкін. 

Арман Кашкенбеков, Қар барыстары халықаралық қорының атқарушы директоры:

- Жобаны іске асырудың жоспары бар. Ол Іле Алатау ұлттық паркінің бас жоспарына енгізілетін болады. Қар барыстарына арналған баққа 497 гектар жер көзделіп отыр. Бұл жер ұлттық парк пен мемлекеттің меншігінде болады. Бізде олармен бірлескен ғылыми қызмет туралы шарт жасалды. Қар барыстарын бейімдеу үшін арнайы қоршаулар да болады. Экология министрлігі бізді қолдайды деп сенемін. Жоба 50 де 50 қағидасымен қаржыландырылады. 

Бұл бастама биік таудың басында өмір сүретін жыртқыштың жойылып кетпеуіне көмектесе ме, жоқ па, белгісіз. Бірақ мысық тұқымдастар қыста азық іздеп төмен түсетіні тағы бар. Сондықтан еліміздің зоология институтының мамандары қар барысын қорғауды күшейтуге шақырады.

Алексей Грачев, ҚР Зоология институты қар барысын бақылау орталығының жетекшісі:

- Қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру қажет. Жануарлар қыста төмен түсетінін ескере отырып, осы кезеңде оларға жағдай жасау керек. Әрине қар барысының қозғалысын дәл бақылау қиын. Бірақ қазір біз GPS адаптерді қолдана бастадық. Ол жыртқыштың қайда жүргені жайлы ақпарат беріп отырады. 

Қар барысы бір ай бұрын Алматы маңындағы Алтынемел ұлттық паркінде байқалды. 10 шақты жыртқыш 1000-1200 метр биіктікте фототұзаққа түскен. Мамандар бұл өте сирек құбылыс екенін айтады. Өйткені соңғы рет барыстар бұл жерді өткен ғасырдың 50-жылдары мекендеген. Жалпы қазір Қазақстанда 135-тен астам қар барысы бар.

Ғазиза Мұхамеджанова, Диас Ковланбаев