Түлкібастағы бағбандар жаппай алма егуге көшкен

Түлкібастағы бағбандар жаппай алма егуге көшкен

Түлкібастағы бағбандар жаппай алма егуге көшті. Себебі бұл өлкені еуропалық жеміс тұқымы бірден жерсінген.

Жергілікті кәсіпкер осыдан 5 жыл бұрын Италия мен Польшадан әкелінген көшеттерді 20 гектар алқапқа еккен. Биыл израильдік технология қолданылатын қарқынды баудың көлемі 210 гектарға жетті. Мұнда алма сұрпының төрт түрі бар. Бағбан жеміс күтіміне қатысты барлық агротехнологиялық әдістерді меңгерген.

Айтуынша, әр гектарға 3 мың түп алма көшеті егілген. Қазір алғашқы өнімді жинап жатыр. Сөйтіп, Түлкібастың тәтті алмалары елдің барлық өңіріне жөнелтілді. Сұраныс артқандықтан экспортқа да шығарылады. Қарқынды баудың тиімділігін түсінген ауданның өзге де шаруалары бағбандыққа бет бұрып, қазір алма баудың көлемін 3 мың гектардан асырды.

Ерболат Назарбеков, бағбан:

- Қазіргі таңда 3 мың тоннаға жуық алма жиналды. Әлі де терім болып жатыр. Алдағы уақытта 10-15 күнде бітуі керек.

Абылай Төлепбергенов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Ауданымыз бау шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы аудан боп саналады. Жыл сайын 30-33 мың тонна алма жиналады.