Қазақстанда атом электр станциясы салынар болса Оңтүстік Корея көмекке дайын

Сеулде үкімет басшысының орынбасары Роман Склярмен кездескен Корея Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Мун Сын Ук осылай деп мәлімдеді. Ал Кореяның өз басын атом электр станциялары энергиямен қаншалықты қамтамасыз етіп отыр? Қауіпсіздік мәселелері қандай?

Оңтүстік Кореядағы Кори алғашқы атом электр станциясы 1978 жылы АҚШ-тың көмегімен іске қосылды. 40 жыл ішінде жергілікті ғалымдар өз технологиясын жасап, тіпті Біріккен Араб Әмірліктерінде бірінші Барака атом электр станциясын салған. Оның екінші энергоблогы өткен айда электр қуатын бере бастады. Жапониядағы «Фукусима-1»-дегі апаттан кейін Кореяның атом электр станцияларында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Лим Сын Ёль, Корея атом және гидроэнергетика корпорациясының департамент директоры:

- Фукусима атом электр станциясындағы апаттан кейін біздің корпорация үкіметпен бірге атом электр станцияларының қауіпсіздігіне бірлескен тексеру жүргізді. Нәтижесінде алты бағыт бойынша барлығы 56 қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді қауіпсіздік шаралары қабылданды.

Кореяның APR1400 ядролық реакторы осылай жұмыс істейді. Дәл осындай реактор Біріккен Араб Әмірліктерінде де салынған. Казір Корея үкіметі басқа мемлекеттермен, оның ішінде Қазақстанмен АЭС салу туралы келіссөз жүргізіп жатыр.

Мун Сын Ук, Оңтүстік Корея сауда, индустрия және энергетика министрі:

- Біз Қазақстанда АЭС жобасы талқыланып жатқанын білеміз. Осы бағытта сіздермен қатынастарды нығайтуды қалаймыз. Кореяның Біріккен Араб Әмірліктерінде атом электр станциясын салу тәжірибесі және тиісті технологиялары бар екенін белгілі.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Иә, бұл мәселе қазір пысықталуда. Және біз Корея Республикасын осы нарықтағы көшбасшылардың бірі ретінде көреміз. Атом электр станциясының орыны, қажеттілігі жан-жақты зерттеліп, кейін шешім қабылданады.

Энергия ресурстары жоқ елде атом электр станциялары барлық энергияның 29 процентін өндіреді. Ал 35 проценттен астамы көмірден, 26 процент газдан шығарылады. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6,5 проценттен көп.

Корея үкіметі 2050 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын нольге дейін азайтуды көздеп отыр. Ол үшін көмір мен газдан энергияны өндіру толығымен тоқтатылады. Ал жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 70 процентке дейін арттыру жоспарланған. Атом электр станциялары бар болғаны 6 процентін ғана өндіреді.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жоспарды орындау қиын. Өйткені жел мен күннен энергия өндіру тұрақсыз әрі қымбат. Сондықтан олар «бейбіт атомның болашағы бар» деп санайды. 

Владислав Цой, Ольга Лян