А.Райымқұлова шетелдегі қазақ жастарын еліміздің үздік оқу орындарына түсуге шақырды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова шет елдердегі қандастарымыздың тарихи отаны – Қазақстанмен байланысын қолдау мақсатында Германияда тұрып жатқан отандастармен кездесті.

«Шет елдердегі қазақ мәдени ұйымдарына қолдау көрсетіп, бірлескен жобаларды іске асыру үшін «Абай үйі» қазақ мәдени орталығы жұмыс істеп тұр. Бүгін Берлин қаласында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткіші ресми ашылып жатыр.

Шетелдіктер қазақты Абай арқылы таниды, ақынның жырлары арқылы бағалайды. Абай мұрасын Германияда танытуда Сіздердің де үлестеріңіз зор деп білемін.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап шетелдердегі этникалық қазақтарды атамекенге көшіруге барынша қолдау көрсетіп жатыр. Жақында ғана Ауғанстаннан 35 қандасымызды елге алып келіп, орналастырдық. Қазақстанда қандастардың құжаттарын қабылдау бойынша арнайы Бағдарлама қабылданып, оған сәйкес, азаматтық беру тәртібі, құжаттарды қарау мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарады. Ең бастысы қандастар бірнеше мекемеге емес, бір орталыққа (Халыққа қызмет көрсету орталығы) құжат тапсыратын болады.

Бұдан бөлек, шетелде тұратын қазақ жастарын еліміздің ең үздік оқу орындарына тарту бағытында 4 пайыздық квота бөлініп отыр. Бұл жоғары оқу орындарына, дайындық бөлімдеріне түсуге, арнайы стипендиямен магистратура, докторантурада білім алуға мүмкіндік береді. Осы ретте бұл мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз.

Сондай-ақ шет елдердегі қандастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында «Отандастар қоры» орталығы жұмыс істейді. Орталықта қандастармен түрлі салада байланыс орнатудан бастап, елге келген ағайынға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Аталған қор елге оралған қандастарға консультативті-құқықтық және ақпаратты-талдамалы қолдау көрсетеді.

Бүгінде «Отандастар қоры» шетелдегі отандастармен тікелей байланыс орнатып, қазақ тілін үйретуді онлайн және офлайн түрде жүргізіп келеді. Шет елдердегі қандастарға қазақ тілін үйрету мақсатында әлемнің 12 елінде 31 онлайн-сынып ашылған.

Сонымен қатар El.kz ақпараттық-танымдық порталында арнайы «Қандастар» айдары бар. Онда шетелдегі қандастардың тұрмысы, жеткен жетістіктері жайлы кең көлемді ақпарат алуға болады.

Кездесу Германиядағы қазақ диаспорасымен өзара мәдени байланысты кеңейтіп, қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп үміттенемін. Біз өз тарапымыздан шет елдердегі қазақ қауымдастықтарына қашанда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Ақтоты Райымқұлова.