Алматыда интернет-алаяқтықпен айналысқан жұп қамауға алынды

Алматыда интернет-алаяқтықпен айналысқан жұп қамауға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жұп Алматыда тіркелген микро қаржы ұйымына қатысты алаяқтық жасады деп күдіктелуде.

«2019 жылдан бері ұсталғандар тауарларды сатып алуға ақша аударуды сылтаулатып, интернет-дүкендердің сатушыларынан ЖСН мен банк картасының деректемелерін алғаны анықталды. Азаматтардың (сатушылардың) төлқұжат деректерін қолдана отырып, олар МҚҰ сайтында онлайн режимінде шағын несие алуға өтінім берді. Ақшаны алған соң, қайтадан сатушыларға хабарласып, оларға байқаусызда ақша аударғанын айтып, жіберілген қаржыны басқа арнайы дайындалған банк картасына қайтаруды сұраған. Осылайша олар 41 азаматтың төлқұжат деректері бойынша жалпы сомасы 4 миллион 25 мың теңгеге шағын несие рәсімдей алды», – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рүстем Әбдрәхманов.

МҚҰ полицияға 41 адам төлемді кешіктіргеннен кейін арыз түсірді. «Барлық қарыз алушыларды» тапқан полиция, олардың несие алуға қатысы жоқтығын анықтады. Артынша, 1995 жылы туған А.есімді азамат пен 1994 жылы туған М.есімді азаматша анықталып, ұсталды.

Күдіктілерге қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Оның материалдары үкім шығару үшін сотқа жіберілді. Күдіктілер қамауда.


Сондай-ақ...