Түркістан облысында ұмыт болған дәстүрді ұрпаққа дәріптейтін байқау өтті

Ақ жаулықты әжелер текемет басудан сайысқа түсті. Түркістан облысының Сауран ауданында «Киіз басу өнері – көшпенділер мұрасы» атты байқау өтті. Оған 12 ауылдық округтен келген 40-қа жуық әже қатысып, ұмыт болған ұлттық дәстүрді ұрпаққа дәріптеді.

Байқауға қатысу үшін Сауран ауданының 12 ауылдық округінен 40-қа жуық әже келді. Олар 3 топқа бөлініп, сайысқа түсті. Алдымен текемет басатын шидің үстіне сабаудан өткен қойдың таза жүнін төседі Оның бетіне түрлі түске боялған жүннен өрнек салды. «Текеметтің көздің жауын алатындай әдемі көрінуі оның бетіне салынған ою-өрнекке байланысты. Көбіне қошқар мүйіз бен толқынды бейнелейтін өрнек салынады», – дейді әжелер. Ата-бабаларымыз текемет пен түскиізге салынатын ою-өрнекті табиғаттан алғанын айтады.

Фарида Ереханова, Оранғай ауылдық округі әжелер алқасының төрайымы:

– Қазақ халқы кезінде күнделікті тұрмысын мал бағумен бастаған. Малдың етін жеумен қатар, жүнін пайдаланып, төсеніш, киім-кешек жасаған. Ұмыт болған дәстүріміз киіз басуды қолға алып жатырмыз. Барлығын қайта жинақтап, ши деген болған. Текеметтің суын сорғытуға. Қазір көресіздер бұған қаншалықты су кетеді, қолдың, білектің күшімен дегендей бұлардың барлығы соншалықты бейнетпен келеді.

Көпті көрген әжелердің айтуынша, киіз басудың да өзіндік ерекшеліктеріне қарай текемет бірнеше түрге бөлінеді. Төргі үйге төселетін текемет ою-өрнекке толы болса, ауызғы бөлмедегілер ақ пен қара түстен тұрады. Ал қазақы үйдің сыртынан жабылатын киіз қоңыр, яғни бір түсті болып келетінін айтады. Байқаудың негізгі мақсаты салтты сақтап, дәстүрді дәріптеу дейді ұйымдастырушылар.

 Жанар Жұмабекова, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Қалып бара жатқан киіз басу дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында, елбаымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде ұлттық кодымызды сақтай отырып, заманауи талапқа сәйкес ұлттық құндылықтарымызбен бірге алға қадам басу мақсатында осындай керемет іс-шара ұйымдастырып отырмыз. Бұл облыс және республика көлемінде алғашқы іс-шара.

Қазылар алқасының шешімімен «Дария толқын» әжелер тобы байқаудың «Ең үздік қол өнер шебері» атағына ие болды. Ал екінші орын «Асыл әжелер» тобына бұйырды. «Асыл қазына әжелер» құрамасы үшінші орын алды. Ұлттық мұраны ұмытпай, ұрпаққа жалғаған жеңімпаз әжелер қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы