8 жасар оқушы ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қабылданды

Ақтаулық 8 жасар оқушы еліміздегі «ең жас шекарашы» атанды. Ұлан Төлеухановты жуырда ҰҚК төрағасының орынбасары, генерал-лейтенант Дархан Ділманов «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Бүгінде жас өрен Каспий теңізінің аумағын күзетуге үлес қосып жүр.

8 жасар Ұлан Төлеуханның таңы ерекше басталды. Командирдің әр тапсырмасын қалт жібермей тыңдап отыр. Себебі кеменің қозғалысы мен экипаждың қауіпсіздігі соның қолында. Бүгін Ұлан – бақылаушы. Командирге координаттарын хабарлайды. Ол жақыннан бері «Сардардағы» топтың бейресми мүшесіне айналған. Құрдастары телефонда ойын ойнаса, жас шекарашы қызығушылығын күнделікті ісіне айналдырған. 

Ұлан Төлеухан, шекара қызметінің үздігі:

– Кемеде командирдің қызметі қиын деп ойлаймын, ол моряктарға задание береді, қателік болып қалса, ойланады, қайтадан айтып, істетеді. Қателік болмау керек. , ауа-райы жаман болуы мүмкін, шайқалып жатуы мүмкін. Достарым да көрді, суреттеріме қарап қызығады, медаліме, формама қызығады.

Ұлан айына кемінде 3 рет осында келеді. Мұнда күні бойы сарбаздарға көмектесіп,  түрлі тапсырманы орындайды. Әскери көлікте өзін еркін сезініп, кәдуілгі теңізшілердей әрекет етеді. Ата-анасы да ұлын қолдайды.

Ерсін Қайбуллин, ҚР ҰҚК ШҚ МО бойынша департаментінің әскери-патриоттық басқармасының аға офицері, әкесі:

– Үйінде жүргендей сезініп жүреді. Жас сарбаздармен тіл табысып алған, командирлердің бәрін біледі. Ұланның шекара қызметінде туылғаннан бастап, менімен бірге шекара қызметінде менімен бірге шекара заставаларына шығып жүрді. Әскери киім кигісі келді. Жұмыстан келген уақытта фурашкамды, көйлегімді киіп жүреді, төсбелгілерімді тағып жүреді.

Көпшілік біле бермейтін теңізшілердің өте қызық дәстүрі бар. Кемеге алғаш мінген адам міндетті түрде теңіз суын ішу керек. Осылайша,теңіз сені қабылдады деп саналады екен. Ұлан бұл дәстүрден өткен, енді мен көрейін.

Ұлан «Жас шекарашы» әскери патриоттық үйірмесінің мүшесі. Осында әскери қызметтің алғашқы әліпбиін таныған. Түрлі шараларға атсалысып, департамент ұйымдастырған патриоттық конкурстарға қатысады. Сондықтан да арнайы төсбелгі алып, экипаж мүшесі болуға мүмкіндік алған.

Рамиль Жексенбаев, ҚР ҰҚК ШҚ МО бойынша департаментінің тәрбие-идеологиялық жұмыстар бойынша бөлімінің аға офицері:

– Ұлан таудай талабымен Маңғыстау облысы бойынша шекара қызметі департаментінің беделін көтеруге атсалысуда. СКЛ Клубтың басты мақсаты – жастарымызды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу. Іс шара бойынша ардагерлермен кездесу, сұқбаттар өткізу, сонымен қатар әскери бөлімшелерге барып, қару-жарақ, техника түрлерімен танысу, ашық есік аясында бір күндік әскери қызметшілерің, шекарашылардың өмірімен танысу жоспарлануда.

Ақтауда әзірге 1 үйірме бар. Алдағы уақытта тағы 2-уін ашу жоспарланған. Осылайша, Ұлан сияқты жас патриоттарды дайындау көзделіп отыр.  Айта кетейік, шекара қызметі тек жағалауды күзетпей, браконьерлерді де қолға түсіреді. Ұлан да болашағын осы мамандықпен байланыстырады.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев