Жамбыл облысында апатты жағдайдағы көпір жөнделе бастады

Жамбыл облысындағы Талас пен Жамбыл аудандарын байланыстыратын жалғыз көпірді күрделі жөндеу басталды. 30 жылдан бері жөндеу көрмеген көпір әбден ескірген. Өткел апатты жағдайда деп танылғанымен, көлік қозғалысы тоқтаған жоқ. Жергілікті тұрғындар қауіпті болса да соның үстімен жүруге мәжбүр болып келді. Біздің арна тілшілері бұл түйткілді бірнеше рет көрсетті. Мәселе енді ғана шешімін тапты.

Кеңестік кезеңде салынған жергілікті маңызы бар «Ерназар-Қойгелді» тас жолы тұрғындарға үлкен қолайсыздық туғызып келді. Ол апатты жағдайда деп есептелсе де, қатынасқа жарайтын басқа жол өткелі болмады. Жергілікті халық сол себепті өз бастарын қауіп-қатерге тігіп, аталған көпірдің үстімен жүруге мәжбүр болды. Біз бұл жағдайды бірнеше рет көрсеткенбіз. Соның арқасында билік осы түйткілге құлақ түріп, жөндеу жұмыстарын қолға алды.

Гаухарбек Шонтаев, Өрнек ауылының тұрғыны:

– Мына жердегі көпір жылда құлап тұратын апатты жағдайда. Біздің фазенда жақың маңда орналасқан. Біреу-міреу ауырып қалса не өткендегідей келінім босанайын деп жатқанда қиын еді. Мына жерді су шайып кетсе, Қаратауға жете алмай қаламыз. Соны осыдан 5-6 ай бұрын «Хабар» агенттігіне айтқанбыз. Осы мәселені шешуге атсалысып жатқандарыңыз үшін көп-көп рахмет!

Көпірді күрделі жөндеуден өткізуге республикалық қазынадан 268 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына таман аяқталады. Жаңадан салынатын көпірдің ұзындығы 33, ал ені 6 метр. Сондықтан оның үстімен қорықпай жүруге болады.

Еркін Алтышев, Талас аудандық түкш бөлімінің басшысы:

– Құрылыс жұмыстары аяқталу мерзімі 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін созылады. Бүгінгі таңда жұмыстар 50 пайызға орындалған. Қазіргі таңда жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде. Аталған көпірді жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін біздің мынау Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласынан Ерназар-Қойгелді-Қаратау-Жаңатас бағытындағы жолаушылар тасымалына мүмкіндік болады.

Ауыл тұрғындары жаңа көпірдің пайдалануға берілуін асыға күтіп жүр. Сонда аудан орталығына қауіп-қатерсіз қатынауға мүмкіндік туады...

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатилла