Павлодар облысында қызметтік иттің көмегімен ұрылар ұсталды

Павлодар облысында қызметтік иттің көмегімен ұрылар ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

20 қазан Тереңкөл ауданының полиция бөліміне аудан ауылдарының бірінің шаруа қожалығының басшысы жүгінді. Ауыл тұрғыны өзінің шаруа қожалығының аумағын қоршап тұрған металл құбырлардың ұрланғанын мәлімдеді.

– Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы жіберілді, оның құрамына Альдо есімді қызметтік-іздестіру иті бар кинолог қызметкер де кірді. Келген бетте оқиға орнында аяқ киімнің ізі табылды. Із алған Альдо осы ауылдағы үйлердің біріне қарай беттеді және сол үйдің шаруашылық ауласындағы қора-қопсының маңайындағы сабанның астында жасырылған ұрланған құбырларды еш қиындықсыз тапты, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен, төрт аяқты полицейдің өткір иісшілдігінің арқасында осы ұрлықты жасады деген күдіктілер анықталды. Ұрланған мүлік тәркіленді.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кету керек, Павлодар облысында жыл басынан бері қызметтік полиция иттерінің көмегімен 293 қылмыс ашылды.