Алматыдағы саяжайда 450 отбасы ауызсусыз отыр 

Алматыдағы саяжайда 450 отбасы ауызсусыз отыр 

Алматының дәл іргесіндегі Береке саяжайында күн кешіп отырған 2 мыңға тарта тұрғын 20 күннен бері ауыз сусыз отыр. Саяжай Алматы облысының Іле ауданына қарайды. Жергілікті билік қауымдастықтың ішкі жұмыстарына араласа алмайтындығын айтты.

Ауыз судың азабын тартқан Береке саяжайының тұрғындары осылай жиналуға мәжбүр болған. Мұнда 2 мыңға жуық халық тұрады. 450-ге тарта отбасы бар. Олардың біразы үйлеріне су сорғысын орнатып алған. Ал тұрғындардың басым бөлігінің оны қоюға шамасы жоқ болғандықтан, орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ал су мұнарасының істен шыққанына 20 күнге жуықтаған.

Ғалия Тойшыбаева, саяжай тұрғыны:

– 200 мың теңгеге суды кіргіздік. Су бір күн болса, 5 күн болмайды, 5 күн болса 10 күн болмайды. Сондай жағдай. Судың жоқ болғанына 21 күн болды.

Панар Ерасылова, саяжай тұрғыны:

– Тасып ішіп жатырмыз. Біреудің үйінен барып сұраймыз. Ана жақтан барып сұраймыз. Кіріміз жуылмай жатыр. Тамағымызға да су керек. Не моншамызға түсе алмаймыз.

Саяжайдағы су тарататын мұнара жеке кәсіпкер Серік Бейсеновтің қарамағында. Ол алты ай ішінде су сорғысын 7 рет ауыстырғанын айтып отыр. Осыдан екі апта бұрын тағы да жаңартыпты. Бірақ су тазармаған. Енді арнайы мамандардың қызметіне жүгінбек.

Серік Бейсенов, кәсіпкер:

– Камераға түсіретін су тұнық болу керек. Кем дегенде бір апта тұну керек. Олай болмаса, анализ дұрыс алынбайды. Сосын метрін 1500 теңгеген есептейді. 362 метр тереңдікке түседі. Қаншасыншы метрде ақау бар, соны айтып береді.

Халықпен кездесуге Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі де келді. Ол бұған дейін мұндағы мәселеден мүлдем хабарсыз болған. Судың жоқтығын тұрғындар өздері барып айтқаннан кейін ғана білген.

Жасұлан Оңалбаев, Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі:

– Су да, электр жарығы да жекеменшік қолда. Бұл елді мекеннен тыс жерде орналасқан. Жарығын, суын бақылай алмаймыз. Мемлекет тарапынан мемлекеттік бюджеттен қаражат бөліп жұмыс істей алмаймыз. Егер де мәселелер туындап жатса, сумен, электр жарығымен біз өзіміздің тарапымыздан көмектесуге дайынбыз.

Бұдан бөлек, Береке саяжайында өзге де мәселе жетіп жатыр. Балалар мектепке қатынап оқиды. Газ қостыру өте қымбат. Көше жолдарына асфальт төселмеген. Қалаға автобус жүрмейді. Ал кешке қарай электр энергиясының қуаты төмендеп кетеді.

Ащыбұлақта Берекеден өзге тағы 48 саяжай кооперативі бар. Бәрі де ауыл мәртебесін алуды қалайды. Сонда әлеуметтік мәселелер шешімін табар еді, дейді тұрғындар.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев