Жамбыл облысында 30 жыл жөнделмеген жолдың құрылысы басталды

Жамбыл облысындағы Ерназар-Қойгелді бағытындағы жолдың құрылысы басталды. Бар-жоғы бес шақырымдық жолдың проблемасы 30 жыл бойы шешімін таппаған еді. Жол бойындағы ауылдардың тұрғындары бірнеше рет біздің арнаға да шағымданды. Енді, міне, бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер жолды салуға кірісті.

Ерназар-Қойгелді бірнеше елді мекен мен қаланы жалғап жатқан әлеуметтік маңызға ие жол. Жөні түзу жол болмаған соң, бұл жермен көлік те, автобус та жүрмей қалды. Салдарынан қатынау қиындап, жұрт жол азабын тартты. Ауылдықтардың шағымданбаған жер жоқ. Енді уәде етілген қаржы бөлініп, құрылыс басталды. 

Сәндіхан Әуесханұлы, Ерназар ауылының тұрғыны:

– Ауыл мынау тұр. Қаратау мынау тұр. Баяғыда автобус жүрген. Сүт сатқан, айран сатқан. Құрт сатқан. Ауылдың бәрі күн көретін. Соның бәрі тоқтап қалып еді. Енді, міне, жақсы болды, рахмет.

Әбді Елшібеков, Ерназар ауылының тұрғыны:

– Осы жерге жарты сағаттай, қырық минуттай жүретінбіз. Қазір бес-ақ минутта жетіп келдік. Қандай керемет. Біз үшін мынау автобан жақсы болып тұр қазір.

Енді ауыл ақсақалдары құрылыс сапасы мен мердігердің жұмысын өз бақылауымызға аламыз деп отыр. Жоба бойынша асфальт ені 6 метр, қалыңдығы 5 сантиметрден кем болмауы тиіс. Жұмыс сапасын қадағалауға Жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары да араласып жатыр.

Дегенмен 5 шақырым жолға биылдыққа 50 миллион теңге ғана қарастырылып отыр. Бұл жолдың тек жартысын ғана асфальттауға жеткілікті. Қалған бөлігі келесі жылға қалады. Алайда аудандық әкімдік жұмысты бірден тындыру үшін қазір мердігермен келіссөз жүргізіп жатыр. 

Әсет Көбей, Жамбыл аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің маманы:

– Мердігердің өзінің қаражаты есебінен біз қазір гарантиный письмо және нұсқаулар жазып береміз. Келесі жылдың басына дейін қаражаттарды толығымен өтеп беруге. Сонымен жұмыстарды биыл жұмысты толығымен аяқтауға тырысамыз.

Жалпы Ерназар-Қойгелді бағытындағы жөнделуі тиіс жолдың 9 шақырым бөлігі Жамбыл ауданына қарайды. Оның 5 шақырымы жоспарға сай төселіп бітсе, қалған 4 шақырымы 2024 жылға қарай жөнделмек.