«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.

Оның айтуынша, жоба 4 негізгі бағыттан және 11 міндеттен тұрады. Бұдан бөлек, министр «Таза Қазақстан» бағытына тоқталды. Ауаның ластануы кәсіпорындардың қызметі мен электр станцияларында жағылатын көмірге байланысты деді сала басшысы. Осыған байланысты аталған нысандардан бөлінетін зиянды заттарды азайту жоспарланып отыр. 

Ахметжан Пірімқұлов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

– 10 қалада 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіп кәсіпорындағы шығарындыларды 20 процентке қысқарту жоспарда бар. Мысалы, «АрселорМиттал» Теміртау шығарындыларды 54% азайту бойынша міндеттемелер алды. Ең озық қолжетімді технологиялардың енгізілуін және табиғат қорғау іс-шаралары қағидаларының орындалуын Экологиялық реттеу және бақылау комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері бақылайды. Экологиялық тиімділікті арттыру жөніндегі жоспарды не бағдарламаларды уақтылы орындамағаны үшін Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы шеңберінде шаралар көзделген. Әкімшілік айыппұл мөлшері 10 есе артты.