Алматының күзі несімен ерекше

Алматының күзі өзге өңірлерге қарағанда ерекше. Жасыл желекті қала әсіресе, күз ортасы ауа алуан түске боялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мегаполистің келбеті бұрынғыдан құлпыра түскен. Ағаш жапырақтары алтын түске еніп, айналасына ерекше көрік беріп тұр. Дегенмен қалада түсін өзгертпейтін қылқан жапырақты ағаштар да көптеп саналады. Мәселен, ботаникалық бақтағы «Кониферетум» алаңында оның бірнеше түрі өседі.

Әр күздің ерекшелігі бар. Жаз жаңбырлы болса, ағаш жапырақтары баяу, ал құрғақшылық болса, жылдам сарғаяды дейді дендролог мамандар. Биыл жазда жаңбыр аз жауғанымен қазір Алматының күзі тамылжып тұр. Күздің кереметін көру үшін қала тұрғындары мен қонақтары ботаникалық баққа арнайы келеді. «Кониферетум» алаңының аумағы – 5 гектар. Мұнда қылқан жапырақтылардың 200-ден астам түрі өседі. Ал ботаникалық бақтың 90 жылдық тарихы бар. Мұнда алуан түрлі түске боялған ағаш жапырақтарын кездестіруге болады. Онда ағаш пен өсімдіктің екі мыңнан астам түрі бар.

Асқар Жұмаділдаев, қала тұрғыны:

– Ботаникалық баққа күнделікті келіп тұрамын. Уақытым болса, сабақтан шығам да бірден осында келем. Осында отырған өте ұнайды. Мұнда отырсаң жақсы ойлар келеді. Жақсы сезімдер келеді. Адам жақсырақ жүреді.

Вадим Ковтуненко, қала тұрғыны:

– Алматының күзін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек көру керек. Қала ғажайып түске енеді. Отбасыммен сыртта көбірек жүруге тырысамын. Міне қыдырып жүрміз. Қарасаң көз тоймайды.

Ағаш жапырақтары түсіп болғанда ботаникалық баққа қылқан жапырақты ағаштар сән беріп тұрады. Мәселен, мына шырша мамонтқа ұқсайды. Өсіп тұрғанына 60 жылға жуықтаған. Ғалымдардың айтуынша, мұндай ағаштардың климатқа бейімделуі қиын. Әлемнің бірқатар елдерінде дәл осындай шырша түрі бар болғанымен, дәл мамонтқа ұқсайтыны осы ғана.

Светлана Нәбиева, дендрология зертханасының аға ғылыми қызметкері:

– Мұндай шырша түрі басқа елдерде кездеседі. Ол әр түрлі болып өседі. Үшбұрышты немесе дөңгелек болуы да мүмкін. Бізге Ригадан алып келген екен. Ал ол жаққа Норвегиядан апарыпты. Ресейлік әріптестеріміз осы шыршаны өз көздерімен көру үшін арнайы келіп кетті. Олар да өздерінде өсіргісі келеді. Жалпы қылқан жапырақты ағаштар 200-300 жылға дейін өсіп тұра береді.

Мына магония өсімдігі де қылқан жапырақтылар сияқты мәңгі жасыл болып тұрады. Бұл бұта бөріқарақат тұқымдасына жатады. Оның жидегі дәрумендерге өте бай. Күн суытса да жапырақтары түспейді. Қайта күлгін түске өзгеріп, сол күйінде тұра береді. Мамандар самырсын мен шыршаның да пайдасының зор екенін айтады.

Светлана Нәбиева, дендрология зертханасының аға ғылыми қызметкері:

– Иә, бұл ағаштарда дәрумен көп. Оның қылқанын жеуге болады. Көбіне қайнатып фитошай жасап ішеді. Қазір біздің қазақстандық дәрігерлер Тянь-Шань шыршасынан ауыз қуысын емдеуге арналған дәрі-дәрмек жасау үшін еңбектеніп жатыр. Самырсын майы микробтарды өлтіреді. Жараны емдейді.

Алматы жылдың қай мезгілінде болмасын таңдай қақтырады. Ал күзде мың бояулы реңкке енеді. Мегаполисте алтын күз қараша айының соңына дейін тұрады. Қыста тал-теректер ұйқыға кеткенде мәңгі жасы қылқан жапырақты ағаштар қалаға сән береді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев