Ақтөбе маңындағы қоқыс полигоны тағы өртенді

Қаланы қою түтін тұмшалап, қолқаны қабатын қолаңса иіс жайлап алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындарға реті келсе үйден шықпауға кеңес беріп отыр. 

Қоқыс полигоны орналасқан беттегі шағын аудандарды таңертеңнен бері қара түтін тұмшалап тұр. Тынысты тарылтып, тамақты қыратын иіс әсіресе, «Тұрғындар қалашығы» мен «Шанхай», «Оңтүстік-Батыс» пен «Батыс-2» аудандарында қатты сезіледі. Көшеде ұзақ жүріп қалғандардың басы айналып, денсаулығы сыр беруде. 

Раиса Бесклейная, қала тұрғыны:

– Күні бойы тереземізді қымтап отыра алмаймыз. Ал сәл саңылау жасасақ, сасық иіс үйімізге толады. Көшеге шығу тіптен мүмкін емес. Басымыз айналып, лоқсуға дейін барамыз. Тынысымыз тарылып болды.

Өрт сөндірушілердің айтуынша, тұрмыстық қалдықтар полигоны кешеден бері жанып жатыр. Жалын 1200 шаршы метрге жеткен. Жиырмаға жуық техника жұмылдырылды. Алайда бықсыған қоқысты біржола сөндіру оңайға соқпайды.

Айбат Жаңабергенов, қалалық ТЖБ бастығы:

– Бүгінгі күні өрт сөндіру бөлімшелері әкімдікпен бірлесе отырып су шашу және бықсу орындарын топрақпен көму бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Ақтөбе облысының ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарына қатты түтін болған жағдайда сақ болуды, мүмкіндігінше қажет болмаған жағдайда көшеге шықпауды сұрайды.

Экологиялық ахуалы мәз емес Ақтөбе үшін қоқыс полигоны жығылған үстіне жұдырық боп тұр. Себебі биылдың өзінде үйілген тұрмыстық қалдық он шақты рет өртенді. Тіпті будақтаған қою түтіннен таяқ тастам жер көрінбей қалған кез болды. Бұл жолы тұманның сейілуіне күзгі ақ жауын сеп болды. Алайда эко-белсенділер ауаға таралған зиянды заттардың адам ағзасына теріс әсері зор деп дабыл қағуда.

Евгений Лазарчук, эко-белсенді:

– Ақтөбені ғана емес, төңіректің барлығын жайлап болды бұл иіс. Желдің бағытын бағып отыратын болдық. Қаланың әр жерінде сынама алғанымызда күкірт қышқылы мен диоксиді, азот диоксидінің көрсеткіші шекті нормадан 20 есе артқанын көрсетті. Қазгидромедтің сынамасы да дәл солай.

Мамандардың айтуынша, жиілеп кеткен өрттің алдын алу мүмкін емес. Себебі жылдар бойы жиналған қоқыстың арасында түзелетін газ шырт еткен ұшқыннан тұтанады. Түрлі түсті металл қалдығын іздеп, от қоятындар тағы бар. Сондықтан мәселенің төте шешімі – қоқыс өндеу зауытын ашу. Бір кездері оның жобасы жасалып, ақыры аяқсыз қалды. Ал қазір инвестор жоқ. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков