Қостанай облысындағы Тимофеев ауылына жоғары жылдамдықты интернет жетті

«Қазақтелеком» ауыл баласының дамуына мол мүмкіндік жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қостанай облысындағы Тимофеев ауылының оқушылары интернеттің қызығын көретін болды. Енді олар үйде отырып-ақ әлемнің кез келген ғажайып жеріне онлайн саяхат жасай алады. Ғаламтордың пайда болуымен өскелең ұрпақтың айти саласына деген қызығушылығы артқан. Байланыс компаниясы дарынды балалардың бірін қамқорлығына алып, нақты қолдау көрсететін болды.

Мың жарымдай тұрғыны бар Тимофеев ауылында талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысына дейін интернет мүлдем болмаған. Енді жоғары жылдамдықты интернет мемлекеттік мекемелерде ғана емес, 200-ге тарта жеке үйде бар.

Асылжан Нысанбаев, Тимофеев ауылының әкімі:

– 2020 жылы интернет кіргесін біраз жеңілдеді. Халық та мәз. Сырттан да көшіп келіп жатыр. Көрші ауылдардан көшіп келіп жатыр.

«Қазақтелеком» компаниясының басшылығы ауыл мектебіндегі интернеттің жоғары сапасына көз жеткізді. Оқушылар ғаламтор арқылы онлайн-саяхат жасап, Қостанайдағы тарихы музейді тікелей эфирде аралап шықты. 

Батыр Маханбетажиев, «Қазақтелеком» АҚ стратегиялық басқару жөніндегі бас директоры:

– Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері ауылдағы әрбір тұрғынына қолжетімді. Олар үйінен шықпай-ақ интернеттің арқасында кез келген білім ошағында оқып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. Әсіресе оқып-тоқыған жастардың өз туған жерінде қалып, ауылын дамытуға жол ашылды.

Әли Әлиғапаров қысқа уақытта интернеттегі 3D модельдеу бағдарламасын меңгеріп шықты. Бұрын мультфильмдегі сүйікті кейіпкерлерін пластилиннен құрастырған ол енді компьютерде қалаған үлгілерді жасайды. Жас дизайнердің шығармашылығын «Қазақтелеком» басшылығы ескерусіз қалдырмай, тұрақты қамқорлығына алатынын мәлім етті. Әлиге қажетті ақылы платформалар мен бағдарламалармен қамтамасыз ететін болды.

Әли Әлиғапаров,  ауыл тұрғыны:

– Жылдам интернеттің арқасында дизайн бағдарамаларын зерделедім. Оншақты бейне сабақты қарап шықтым. Кейін өзіме ыңғайлысын жүктеп, алғашқы үлгілерімді жасап көрдім. Жобаларымды Youtube платформасындағы жеке арнаға жүктеймін.

Қазір облыс бойынша 39 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған. Жоғары жылдамдықты интернет 133 ауылдық мемлекеттік мекемеге ұсынылды.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров