434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақтаудағы 15 млн теңгеге орнатылған пластик қызғалдақтар қирап жатыр

  • 128
  • UPD: 23:44, 25.10.2021

Түнде жарық беретін сымдарынан да қауіп көп. Жалпы, алаң қараусыз қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылай деген тұрғындар әлеуметтік желіге гүлзардың суретін жарыса салып, наразылық білдірді. Әкімдік бұл гүлдерді авторлық, әрі ерекше туынды деп жариялаған еді.

Ақтаудағы пластмасса қызғалдақтар туралы естімеген адам жоқ. Инсталляция алыстан көз тартады, әдемі, бірақ сол жасанды гүлдің бағасы халықтың көңілінен шықпады. Оның үстіне 1 айға жетпей, үзіліп жатыр. Бұл кадрлар да әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Халық әкімдіктен бұл жайтты тексеруді сұраған. Сөйтсе, пластмасса Маңғыстаудың аңызақ желіне шыдамапты. Ал кейбірін біреулер әдейі қиратып кеткен. 

БЛИЦ:

– Мектеп жасындағы балалар сындыруы мүмкін, Ақтауда жиі естимін, вандалдар теңіз жағасында солай қиратады.

- Өтіп бара жатқанда көрдім, жапырақтары түсіп жатыр, сапасыз екені көрініп тұр ғой.

– Сапалы материалмен жасалмағаны көрініп тұр. Оңай үзіледі. Қатты темірмен бекіту керек.

200 шаршы метрді алып жатқан жасанды қызғалдақтар алқабы осы жазда қурап қалған гүлдердің орнына қойылған еді. Қазір 3 мың қызғалдақтың 300-і сынған. Сымдары да қараусыз жатыр. Қала әкімдігінің айтуынша, олар әлі өз қарауына алмаған. Себебі инсталяция жұмысы толық аяқталмаған.

Айбек Ербөлеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Мердігер мекеме жұмыстарын жүргізуде. Кейбір тұрғындардың қарауына байланысты сындырып жатқандары бар, мердігер мекеме өз есебінен қалпына келтіріп жатыр. Толықтай тапсырғаннан кейін мердігер мекеме жалғастыратын болады.

Алдағы уақытта гүлдер алаңын 275 шаршы метрге көбейту жоспарланып отыр. Айта кетейік, осы жазда теңіз жағалауына салынған әткеншектер де жарты ай ішінде сына бастады. Шынжырлары үзіліп, шығып кеткен. Осыған дейін 4 нысан туристерді тарту мақсатында 43 миллионға жасалған болатын.

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев

Хабар 24 телеарнасы