Түркістанда жеке үйлердің іргесіндегі жер қоқыс алаңына айналған

Шіріген өлексе мен бей-берекет тасталған қоқыстың сасық иісі қолқаны қабады. Есік пен терезені аша алмай отырмыз. Түркістандағы «Бірлік» шағын ауданының тұрғындары осылай деді. Олар біздің арнамыздың тілшілеріне шағым айтты. Жеке тұрғын үйлердің іргесіндегі атшаптырым алқап заңсыз қоқыс алаңына айналған. Мәселе қалай шешіледі?

Бұл жердің заңсыз қоқыс алаңына айналғанына жиырма жылға жуықтапты. Аумағы атшаптырым жерді алып жатыр. Тұрғындар «жағымсыз иістің салдарынан көшеге шығу былай тұрсын, үйдің ауласына шыға алмай қалдық» дейді.

Бахрам Исмаилов, қала тұрғыны:

- Мына жерге негізі «штраф» деп белгі қойған. Оған қарап жатқан жоқ. Мал тастайды. Жаздың күні мына жерде отыру мүмкін емес. Бұзау, иттің өлексесі бар. Барлығын әкеп тастайды. Ұстап алдық, полиция келіп айыппұл салып кетеді. Болды. Тоқтау жоқ.

Тұрғындардың айтуынша, бастапқыда мұнда құрылыс материалдарының қалдығы тасталған. Кейін қаланың әр аймағынан қоқыс тасушылар көбейген. Қазір жануарлардың өлексесінен бастап, күл-қоқыстың барлығы осында жиналады. Ал тұрғындар «шағымданбаған жеріміз жоқ» дейді. Жақын маңда балалар ойнайтын алаң болмағандықтан қоқыстың арасында ойнауға мәжбүр екенін айтады.

Мұхтар Сапаев, қала тұрғыны:

- Мына жерден адам өте алмайды, мен мына үйде тұрамын. Адам шыдай алмайды, сасып кетеді. Не бар соның бәрін әкеп тастайды. Мына жерді көршілер ақша жинап тазалатамыз. Әкімшілікке айтамыз, болды дейді. 5-6 адам келеді, тазалағандай болады. Тегістеп тастаймыз дейді. Бір күн келді сырдырып тастаймыз деп, әлі ештеңе істеген жоқ.

Қала әкімдігі де бұл мәселемен жақсы таныс болып шықты. Жауапты мамандардың айтуынша, рұқсат етілмеген қоқыс алаңын бірнеше мәрте тазалап, заң бұзушыларға айыппұл да салынған екен. Алайда нәтиже жоқ дейді.

Ерсейіт Бухарбаев, қалалық инфрақұрылым және байланыс бөлімінің басшысы:

- Бұл бойынша біз бірнеше мәрте тазалау жұмыстарын жүргізгенбіз. Бетіне топырақ сеуіп жапқанбыз. Жыл басынан бері 10 шақты адамға айыппұл салынған. Осындай жағдай туындай бергеннен кейін мынау сол жаққа баратын жолдарды трактормен қазып тастаймыз көлік жүре алмайтындай етіп. Транспорт келетін жолдардың барлығына бетон қоршаулар орнатамыз. Тазалау жұмыстарын атқарамыз. 

Ғарыштан түсірілген суреттер Түркістан облысында екі жүзден астам заңсыз қоқыс алаңы бар екенін көрсетіп отыр. Ал облыстық Экология департаменті күл-қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгудің салдары жарты млн теңгеге дейін айыппұлға әкеп соғатынын ескертеді. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы