«Ауыл – ел бесігі»: Қазалы ауданының бірқатар ауылында жаңа нысандар бой көтерді

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шалғай елді мекендердің еңсе тіктеуіне елеулі үлес қосып жатыр. Аталған жоба аясында Қызылорда облысы Қазалы ауданының біраз ауылында жаңа нысандар бой көтерді. Мемлекеттік бағдарламамен  мектеп, балабақша, кітапхана, амбулатория мен  клуб салынды. Ал  Жалаңтөс батыр ауылы «үлгілі мекен» атанды.

Мемлекет басшысының Жолдауынан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жалғасатынын естіген ауылдағы ағайын жадырап сала берді. Әлеуметтік нысандардың бәрі жаңаланған Жалаңтөс батыр елді мекенінде жұмыссыз адам жоқ. Ауылда кәсіпкерлер көп. Өйткені жергілікті әлеуметтік қолдау орталығында тұрғындарды бизнеске баулып, өз ісін ашуға көмек көрсетіледі.

Жанат Ержігітова, аудандық мәслихат депутаты, ауыл тұрғыны:

- 100 көп балалы отбасының мүшелерін, яғни анасын, әкесін немесе 18 жасқа толған балаларды және басқа да жұмыссыз адамдарды жұмысқа баулу мақсатында жеке кәсіпкермен келісім-шартпен түрлі мастер-класс, оқытудан өту арқылы сертификат табыстап, шын ниетті жандарды тігін саласы, кондитерлік, сұлулық салоны, білім беру саласындағы кәсіпорындарда жұмыспен қамту 2019 жылдан бері жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр.

Құрамына 4-5 шағын елді мекен кіретін ауылдық округтің мың жарымға жуық тұрғыны негізінен егінмен айналысады. 40 жыл күрішші болған Ажаркүл Алдажарова шаруашылықтың есебінен жыл сайын емделеді. Шаруа қожалығы еңбек ардагерінің отын түсіріп, көмірмен қамтылуын да назарда ұстайды.

Ажаркүл Алдажарова, Қазалы ауданының Құрметті азаматы, ауыл тұрғыны:

- Елде болса ерніңе тиеді дейді ғой. Күріші, жемі, шөбі халыққа тиімді жақсы болып, шаруашылықтың көп пайдасы тиіп тұр. Көрші Басықара, Құмжиек ауылдары, қаламыз бар, барлығының малының жем-шөбі осы ауылдың мойынында десе де болады. 

Ауыл-аймақта жиналған салықтың жергілікті жердің кем-кетігін жөндеуге жұмсау жөніндегі Президент пәрмені де елді мекен еңсесін көтеріп тастады. Мұндағылар енді көгілдір отынды күтіп отыр. Газ келсе кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңейе түсері анық. 

Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:

- Жалаңтөс батыр ауылы және Басықара ауылдық округтеріне газ құбырын тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттен ұсынылады деген жоспар бар. Енді елді мекеннің тіршілік көзі – су. Тәуелсіздік жылдарындағы үлкен жетістіктің бірі аудандағы Жанқожа батыр ауылы, Майдакөл елді мекені осы орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, халық игілігін көруде.

Аудан бойынша үлгілі ауыл атанған елді мекен тұрғындары алдағы жылдары облыс бойынша үздік атануды жоспарлап отыр. 

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев