Анкарадағы кітап көрмесінің мәртебелі мейманы Қазақстан

Түркияның бас қаласы Анкарада халықаралық кітап көрмесі өтіп жатыр. Осымен 16-рет ұйымдастырылған шараның биылғы мәртебелі мейманы Қазақстан. Осыған орай, халқымыздың бірқатар қаламгерлерінің туындылары түрік тіліне аударылып, тамырлас оқырмандарға жол тартты.

Халықаралық Анкара кітап көрмесі Түркиядағы кітапсүйер қауым үшін ауқымды шара. Сондықтан болар, демалыс күндері көрмеге 90 мыңнан астам адам келген. 350 жазушы, 200-ге жуық баспа үйі бас қосқан жәрмеңкеде 100 мың дана кітап таныстырылмақ. Олардың қатарында қазақ жазушыларының туындылары да бар.

Әділ Ахметов жазушы, қоғам қайраткері:

- Биылғы көрменің құрметті қонағы Қазақстан. Қазақстаннан келген жазушылар ішінде құрметті халықаралық жазушы ретінде мені шақырыпты. Оған рақмет. Кезінде көп кітап оқыған елміз ғой. Әлі де оқимыз. Сондықтан жастарға айтатын ең жақсы үлгі кітап оқыңдар, жастар.

Халықаралық көрменің ашылуына Түркия парламентінің спикері Мұстафа Шентоп қатысып, мәдени шаралар екі ел елеулі үлес қосады деп атап өтті. 

Мұстафа Шентоп, Түркия Парламенті спикері:

- Жәрмеңкеге бауырлас қазақ елінің жазушылары қатысып жатқаны үлкен мәртебе. Кез келген қаладағы кітап жәрмеңкесі маңызды. Дегенмен, Анкара кітап көрмесінің орыны бөлек. Шаһарда 22 университет пен 300 мыңнан астам студент білім алады. Демек, жас оқырман көп деген сөз.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған шара Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің бастамасымен жүзеге асып отыр. Кітап көрмесінде Әділ Ахметовтың «Колумб дәуірінен бұрынғы американдық үндістердің алтайлық тегі», Бауыржан Қарағызұлының «Галстук» сияқты 9 туындының түрік тіліндегі аудармасы таныстырылды. Сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың «Көроғлы» дастаны мен Нұрғали Ораздың «Қазығұрт оқиғалары» кітабының тұсаукесері өтті. 

Мәлік Отарбаев, аудармашы:

- Жуырда ғана өзім аударған Жамбыл атамыздың Көроғлы деген дастаны бүкіл түркі жұртына оғыз жұртына таптырмайтын құндылық. Мінеки бұл да алғаш рет түркі тіліне аударылып отыр. Осындай ғылыми жұмыстар аударма жұмыстары ізденістердің бәрі біздің университетте жүзеге асып отыр. Сондықтан Анкара қаласында өтіп жатқан бұл көрмеге біздің қатысуымыз ғалымдарымыздың кітаптарының таныстырылымы еліміздің тәуелсіздік жылдарында атқарған үлкен жетістік деп білеміз. 

Нұрғали Ораз, жазушы:

- Кітап көрмесі рухани мереке ғой біз үшін. Түрік қаламгерлерімен біз біраз жылдан бері жақын араласып тұрамыз. Олардың шығармаларын біз, біздің шығармаларды олар тәржімәлап оқырмандарына, еліне таныстырып жатыр. Қазақстан тәуелсіздігінң 30 жылдығына орай, сол мерекеге қарай менің Қазығұрт оқиғалары деп аталатын кітабым түрікше басылып шықты.

Жәрмеңке 31 қазанға дейін жалғасады. Келушілер мұнда жаңа және сирек кездесетін кітаптарды нарықтан арзан бағаға ала алады.

Сондай-ақ...