Отандық өндірушілерге тиімді заң жобасы қаралады

Елімізде табиғи өнімдер өндіру оңтайланады. Сенат қарауына органикалық өнімдер өндірісі мен айналымы туралы заң жобасы ұсынылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжатта тоғыз жаңашылдық бар. Оның бірі – сертификаттау жайы. Яғни «Органик» маркасымен өнімнің өзі емес, тек өндіріс процесі сертификатталады. Бұл арқылы тауардың өзіндік құнын азайтып, фермерлерге қосымша қаржылық жүктеме артылмайтын болады. Ішкі нарықты қолжетімді бағамен қамтуға мүмкіндік туады. Қазіргі қиын-қыстау кезеңде ауыл шаруашылығы өндірушілері бірнеше жыл бос тұрған алқаптардан өнім ала алмай отыр. Осы ретте мемлекеттен субсидиялау бөлу ұсынылды. Елде игерілмей жатқан 3 млн гектар жер бар. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев осы алқапты органикалық өнім өндірісіне пайдалану керек дейді. 

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Сенатының депутаты:

– Қазіргі таңда осы органикалық өнімді өндіретін 60 шақты өндіріс бар. Басқа мемлекеттерге 15-17 млн АҚШ долларына экспорттаймыз. Ал біздің болашақта 2-3 млрд АҚШ долларына дейін тауар экспорттайтындай мүмкіншілігіміз бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осыны қолға алуымыз керектігін бірнеше рет айтты. Егер органиканы өндіретін болсақ, ауыл шаруашылығы саласын түбегейлі өзгертуге болады, оның бағасы шетелде 15 пайызға қымбат.