СҚО-да дәрігерлер пара алғаны үшін сотталды

Петропавлда денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен оған пара берген жеке емхананың директорына қатысты сот үкімі шықты.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Айнагүл Қарабаева мемлекеттік емес емдеу мекемесіне жұмысқа қабылданған жас мамандарға көтерме ақы беру мәселесін шешу үшін шенеунікке 200 мың теңге апарып берген. Қабдрахман Сақтағанов ол ақшамен үйінде ұсталды. Екеуі де кінәсін толық мойындады. Соттың шешімі бойынша, денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен медициналық ұйымның директорына ірі көлемде айыппұл салынды.  

Динара Байзақова, қалалық соттың судьясы:

– Қабдрахман Сақтағановқа 5 млн 807 мың 478 теңге, ал Айнагүл Қарабаеваға 4 млн теңге айыппұл салынсын. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметке тұру құқығынан айырылсын.