Алматы мен Будапешт арасында әуе рейсін ашу ұсынылды

ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Венгрияда отандық «QazVac» вакцинасын қолдану мүмкіндігін қарастыруды және Алматы мен Будапешт арасында әуе рейсін ашуды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетейік, биыл Мажарстандық Гедеон Рихтер (Gedeon Richter) компаниясы біздің елге 24 млн доллар тұратын фармацевтикалық өнімді жеткізген. Олардың  қатарында фармацевтикалық 4 ірі кәсіпорын бар. Мұндағы экспорттың жалпы көлемі 45 миллион доллардан асты. Бұл туралы Венгрияның Қаржы министрі Михай Варга ҚР Сыртқы істер министрімен болған келіссөздер барысында мәлімдеді. Ол 30-дан астам Венгр компаниясы қазақстандық серіктестерімен келісім жасасқанын атап өтті.  Сондай-ақ тараптар логистика, медициналық туризм, ауыл шаруашылығы және жасыл энергетика саласындағы меморандумға қол қойды.

Михай Варга, Венгрия премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі:

– Осы жылдың бірінші жартысында экспортымыздың 70%-і фармацевтикалық өнеркәсіп пен денсаулық сақтау саласына бағытталды. Мажарстан сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы, машина жасау және энергетика саласындағы қарым-қатынастардың нығая түсетініне сенімді.  Венгр-Қазақстан ынтымақтастығы одан әрі артады.