Павлодардағы барлық емханада «Ашық» жүйесі енгізілді

Бұл шара облыстың бас санитарлық мемлекеттік дәрігерінің қаулысына сәйкес қолға алынды. Қазіргі уақытта жүйе 42 емханада жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, өңір әлі қызыл аймақта. Соңғы тәулікте 203 жаңа жағдай тіркелді. Жалпы «Ашық» жобасына жеті мыңға жуық нысан қосылған. Осы жылдың маусым айынан бастап, карантин режимін бұзудың 1159 дерегі тіркелді. Әкімшілік құқық бұзу бойынша 300-ден аса хаттама толтырылды.

Серік Рүстемханов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

– Қызыл мәртебесі барлар карантин режимін бұзып, ойын-сауық нысандарына кіруі мүмкін. Емханаларға да кірген жағдайлар болуы ықтимал. Науқастарды іріктеу мақсатында триаж жүйесінен бөлек, «Ашық» бағдарламасын да енгіздік. Медициналық ұйымның кіреберісінде мамандар тұрады. Келушілердің барлығы ЖСН нөмірі арқылы тексеріледі. Тәртіп күшейеді.