Нұр-Сұлтандағы мектепте шу шығарған әйелдердің ісі сотқа жіберілді

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде үнемі жалған ақпарат тарап жатады. Оған сенетіндер де, күмәнмен қарап, ресми дереккөздер арқылы тексеретіндер де табылады. Осыған байланысты арнамызда СтопФэйк атты жаңа айдар ашылды. 

Бүгін елордалық білім ордаларының бірінде келеңсіз оқиға болды. Екі әйел 58-мектепке күзет қызметін алдап, рұқсатсыз ішке кіріп кеткен. Олар ғимараттың дәретханасында 3-ші сынып оқушысына екпе салды деген ақпарат тарата бастады. Алайда баланың анасы бұл сөздерді растаған жоқ. Кейін жанжалшылар мектептің спорттық залында өзін нашар сезінген балаға да екпе егіліп жатыр деп тағы шу көтерді.

Асыл Аманкелдиева, Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы Жалпы орта білім берудің мазмұны және әдістеме бөлімінің басшысы:

– Олар өздерін мектеп оқушыларының ата-аналары деп таныстырады. Вахтада тіркелгеннен кейін Ashyq бағдарламасы арқылы тексеріліп, маска кию талап етілген. Бірақ ол талапты бұл кісілер елемеген. Азаматша Бәкеева мектеп аумағында жанжал шығарады. Бұл кісілердің басты мақсаты – балаларға мәжбүрлі вакциналау жүргізіліп жатыр деп әлеуметтік желіні дүрліктіру.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл бейнероликте екпе салдыруға қарсылық танытып, жұртқа түрлі медициналық кеңес беріп жүрген Айна Бакееваны таныған. Ол мектепке кіргенде жанындағы серігімен бірге карантин талаптарын бұзып қана қоймай, оқу орнындағы медициналық қызметкерлердің жұмысына кедергі келтірген. Шын мәнісінде ақ халаттылар дене шынықтыру сабағында талып қалған ұл балаға жәрдем беріп жатқан.

Асыл Аманкелдиева, Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы Жалпы орта білім берудің мазмұны және әдістеме бөлімінің басшысы:

–9-сынып оқушысы өзін жайсыз сезінгендіктен, медбикеге жүгінген. Бәрі бір сәтте болып тұр, көрдіңіз бе? Сол баланы пайдаланып, екпе салғызған баланың жағдайы нашарлап, жағдайды ушықтырып тұр. Бұл кісілердің заңсыз әрекеттеріне қарсы полиция қызметкерлеріне мектеп тарапынан арыз жазылып отыр. Қазіргі таңда олардың істері сотқа жіберіліп жатыр.