Қытайда тұрып қалған қазақстандық жүк туралы қос тарап келіссөз жүргізді

Қытайда тұрып қалған қазақстандық жүктің жартысы осы айдың соңына дейін елге жеткізілуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қос елдің теміржол басшылары қатысқан онлайн келіссөзде айтылды. Ал жүктің қалған бөлігін қытайлық тарап қараша айында жіберуге уәде берді. Арасында құрал-жабдық, құрылыс материалдары, шикізат пен медициналық тауарлар бар.

Еске салып кетсек, Қазақстан жағында 10 мыңнан аса вагон шекарадан өте алмай тұр. Сондай-ақ Қытай мен Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен тауарларды жеткузде қиындықтар туындаған.

Ерік Әубәкіров, ҚР Ұлттық тасымалдаушы компанияның Қытайдағы өкілдігінің басшысы:

– Осы келіссөздер екіжақты мемлекеттердің вице-премьерлерінің арасындағы телефон әңгімесінен кейінгі мәселелер, шекарада қалыптасқан жағдайлар бойынша шешім табу үшін осындай келіссөз болды. Осы келісімде Қытай тарапы шешімді қолдап, бізге осы мәселелерді тез арада шешуге оң көзқарас танытып отыр. Алтынкөл-Қорғас, Алашанькоу-Достық бекеттері бойынша да Қазақстан тарапы 18-20 пойызға дейін қабылдауға даяр. Ал енді бізден Қазақстаннан шығатын осы бүгінгі таңға дейінгі он мыңға жуық кептеліп күтіп тұрған вагондарға келетін болсақ, ол жағынан Қытай тарапы он екі пойыздан алуға бізге сондай келісім беріп отыр. Осы пойыздардың ішінде алты пойыз Қытай-Еуропа контейнері болса, одан кейінгі алтауы жүк пойыздары.