Қостанай облысында су бағасы неге қымбаттады?

Қостанай облысында су қымбаттады. Күзден бері ауылдық жерлердегі тіршілік көзінің бағасы 1 текше метрі үшін отыз теңгеден екі мың теңгеге көтерілді.

Бағаның бұлай аспандап кетуіне ауыл халқына қарастырылған ауыз су субсидиясының жоқтығы себеп. Аталған мемлекеттік қаржылай қолдау тамыз айының ортасында күшін жойған. Қазір жергілікті билік су төлемақысын өтеудің жаңа әдістемесін бекітіп жатыр. Соның негізінде тұрғындардың артық төлемдерін қайтару көзделген.

Сарыкөл ауылының тұрғыны Ирина Дубогрей жаз біткелі суды емін-еркін пайдалана алмайды. Себебі оның бағасы бірден 30 есе қымбаттаған. Кранды абайлап ағызып, барынша үнемдеуге тырысқанымен, пайда жоқ. Ай сайынғы есеп-шот түбіртегін көргенде жағасын ұстап, амалсыз төлеуге мәжбүр.

Ирина Дубогрей, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

– Бұрын айына 500-800 теңге төлеп жүрдік. Ал қазір 15-16 мыңға дейін шығындаламыз. Кейде бұдан да көп шығады. Әрине қалтаға ауыр тиеді. Қыс мезгіліне дайындайтын көмір, отынымыз бар. Балалардың балабақшасын төлеу керек дегендей.

Үйлерінде есептегіштері бар ауыл халқы тамыз айының ортасына дейін бір текше метр суға 30 теңгеден төлейтін. Ал қондырғысы жоқ үйлерден 40 теңге алынатын. Тарифтің қалған бөлігін субсидия жабатын.

Сергей Белошицкий, Сарыкөл аудандық сумен қамту мекемесінің директоры:

– Мемлекет халыққа субсидия төлемейтін болды. Мысалы біздегі тариф 871 теңге. Кей жерлерде мың теңгеден асады. Біз қазір жергілікті атқарушы биліктің құзіретіне өттік. Себебі топтық суқұбырлары облыстың қарамағына кіреді. Демек субсидияны солар белгілейді.

Облыс бойынша ең қымбат тариф – Жітіқара ауданында. Мұндағылар тіршілік көзінің бір текше метрі үшін шамамен 2 мың теңгеге шығындалады.  Бірақ халықтан осылайша артық төлем алу уақытша дейді билік өкілдері.

Шыңғыс Кенжалы, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Ауыз суды субсидиялаудың жаңа әдістемесін қабылдаймыз. Ол қараша айынан бастап күшіне енеді. Тиісінше, тариф бұрынғыдай 30-40 теңге болады. Ал 16 тамыздан бастап су үшін алынған артық төлемдер халыққа міндетті түрде қайтарылады.

Субсидияға жалпы саны 109 елді мекен мұқтаж. Ескі тарифті ауыл халқына қайтару үшін облыс бюджетінен 1 млрд 200 млн теңге бөлу жоспарланған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров