Елімізде қолжазба деректерін зерттейтін ғалым тапшы

Елімізде қолжазба деректерін оқып, зерттейтін ғалым тапшы. Әсіресе, араб, парсы, шағатай тілдерін меңгерген маман жоқтың қасы. Зерттеушілердің аздығы құнды құжатты ғылыми айналымға енгізуге тұсау болып отыр. Тарихшылар мәселені тез арада шешу үшін, жас мамандарды даярлау қажеттігін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәуелсіздік алғалы, сан ғасырлар сапырылысын­да қалған төл тарихымыз түгенделе бастады. Ұлттық тарихымызды зерделеуге, оның көкжиегін кеңей­тіп, рухани болмысымызды бүтіндеуге мүмкіндік туды. Ғалымдар жат жұртта қалған асыл мұраларымызды зерттей бастады. Қазақ елінің тарихынан сыр шертетін аса құнды қолжазбалар табылды. Ұлт тарихын зерттеу мен оның ғылыми айналымға енуіне жазба деректердің қосар үлесі мол-ақ. Тек осындай қазынаны тапқанымызбен, оны оқып, зерттейтін мамандар тапшы боп тұр. 

Тілеген Садықов, тарих ғылымдарының докторы:

– Деректік жинаған материалды толық игере алмауымыздың екі себебі бар. Бірінші себеп – осы тілді білетін, игеретін ғалым, зерттеушілердің жеткіліксіздігі. Кеңес дәуірінде орысша білсең жеткілікті деген түсінік болды. Араб, парсы, шағатай тілін жетік білу – қазіргі ғалымдардың алдындағы үлкен мәселе. Бірінші осы зерттеуші жас мамандарды көптеп даярлауымыз керек. Екінші келіп жеткен құжаттардың бәрі бірдей деңгейде емес. Тозып жеткені бар. 

Қазақ мемлекетінің тарихы 15 ғасырдан бастау алады. Бұны ғалымдар осындай қолжазба деректерге сүйене отырып дәлелдеді. Бұл қолжазбалар негізінен Мысыр, Үндістан, Иран, Тәжікстан, Армения, Өзбекстан, Қы­тай және Ресей елдерінде сақталған. Мұндағы тарихи жазбаларда таптырмайтын құнды деректер мол.

Алмат Абсалықов, қолжазбалар орталығының бас сарапшысы:

– XV ғасырдан бастап Қазақ мемлекеті пайда болған. Біздің тарихшылардың алдында үлкен жұмыс тұр. Ол қолжазбаларды зерттеп, ғылыми айналымға енгізіп, насихаттау. Біздің қолжазбаның көбі парсы тілінде жазылған. Бірқатар деректер таптық.

Ал табылған қолжазбалар мен құнды кітаптар арнайы реставрациядан өтеді. Елімізде мұндай көне жазбаларды қалыпқа келтіретін екі-ақ орталық бар. Бірі – Алматыда, екіншісі – елордадағы мұраларды сақтайтын ұлттық орталық. Мұнда мықты мамандар бар. Бірақ аздық етеді. Айналдырған бірнеше адам шетел асып, білімін жетілдіреді. Себебі елімізде реставратор мамандығын оқытатын оқу ордасы жоқ.

«Ел тарихсыз болмас, тарих құжатсыз болмас» деген сөз бар. Сан ғасырдан сыр шертетін бір қолжазбаны қалыпқа келтіру үшін кем дегенде екі ай уақыт кетеді екен. Жинақталған көне мұраларды сақтау үшін мамандар бірнеше айын сарп етеді. Зертханада ескі қолжазбалар мен сирек кітаптарды тазалап, қалпына келтіреді. Оған қолданатын желімді де қолдан жасайды. Ал, көне қолжазбаны тек Жапонияда ағаш тамырынан жасалған қағазға ғана қондырады.

Жансерік Бейсенқұлов, реставратор маман:

– Бізге келетін құжаттың көбісінің 90 пайызында мұқаба болмайды. Біз оған жаңадан мұқаба жасаймыз. Кішкене жақсы сақталған мұқабаны табиғи былғарымен қаптап, қалыпқа келтіреміз. Бұл жерде үлкен зауыттардағы сияқты барлық қағазға, барлық кітапқа бірдей әдіс жүргізілмейді. Мұнда әрбір кітапқа ерекше көңіл бөлінеді.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында қазір 10 000-нан аса көне қолжазба мен сирек кітаптар бар. Оның 300-ден астамы араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған. Қазір бұл орталық Қазақстан тарихына қатысты сирек кітаптар мен хандардың хаттарын көрме арқылы көпшілікке таныта бастады.

Авторлар: Айнұр Қуатқызы, Жандос Сұлтанғазы