Қарағандыда жаңа діни бірлестіктер клубы құрылды

Қарағандыда діни бірлестіктер клубы құрылды. Оның құрамына облыстағы барлық 15 діни конфессияның өкілдері еніп отыр. Бұл құрылым қандай мақсатта ашылды, келешекте қай бағытта жұмыс істейді? 

Қарағанды облысында қазіргі күні шамамен 300-ден астам діни бірлестік жұмыс істейді екен. Олардың арасында алауыздыққа жол бермей, дінаралық татулықты нығайту – жаңадан құрылған клубтың негізгі мақсаты болмақ. Келешекте діни бірлестіктердің басына туған кез-келген мәселені клуб мүшелері бірлесіп шешпекші.

Дулат Халел, облыстық Дін істері басқармасының басшысы:

– Бұл клубтың негізгі мақсаты – діни бірлестіктердің арасындағы және жамағат арасындағы туындаған мәселелерді клуб отырыстарына алып келіп, талқылау. Бұл жерде клубтың жалпы бір қағидасы, ешқандай шектеу жоқ. Бұл аптасына немесе тоқсанына бір рет емес, бұл жерде әрбір клуб мүшесі сол діни бірлестіктердің өз ұсыныстарын клубқа салады да, сол жерде біз уже атқарушы орган ретінде тиісті құзырлы мекемелерді шақырып, талқылауға саламыз. Бұл жұмыстың тәсілі өте тиімді деп өзім бағалаймын. 

Дін істері басқармасы өкілдерінің айтуынша, клуб отырысында талқыланатын тақырыптарға еш шектеу қойылмайды. Қазірдің өзінде 30-ға жуық ұсыныс түскен. Оның басым бөлігі отбасылық құндылықтарға, салық, жер қатынасы және діни бірлестіктерді тіркеуге қатысты сауалдар. Әсіресе, пандемия жағдайында клубтың көмегі орасан болып тұр, - дейді мешіт имамы.

Өмірзақ қажы Берікқожа, облыстың бас имамы:

– Мемлекеттік заңнамаларды, санитарлық талаптарды орындауға, жалпы мұны өзіміздің жамағатқа, келушілерге таратуға осы клубтың да оң әсері зор болды. Және «Рухани келісім» күніне байланысты өткізілетін шараларды да осы клубпен ортаға салып ақылдасамыз.     

Айта кету керек, ағымдағы жылы Қарағанды облысына жоғары білімі бар 12 теолог-исламтанушы маман жұмысқа тартылды. Соңғы жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сенсек, өңірдегі халықтың 90 проценті облыста діни ахуал тұрақты деп баға берген. Жыл басынан бері аймақтағы оңалту орталықтарына мыңнан астам адам көмек сұрай келіп, өтініштері қанағаттандырылыпты.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев