Оралда қалдықтарды басқару тақырыбына арналған экологиялық форум ұйымдастырылды

Оралда «Қалдықтарды басқару – Батыс Қазақстан облысы тұрақты дамуындағы маңызды фактор» атты шара өтті. Ол төртінші Uralsk Green Forum жиынының аясында ұйымдастырылды.

Дәстүрге айналған шараны «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» компаниясы 2017 жылдан бастап жыл сайын өткізіп келеді. Мақсат – БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына сәйкес өңірдің тұрақты өркендеуіне қажетті тиімді коммуникациялық және іскерлік алаң жасау. Форум жұмысына қалдықтарды басқару мен жасыл технологиялар саласындағы сарапшылар, қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын өңірлік компаниялар, қоғамдық ұйымдар мен мұнай-газ компанияларының өкілдері қатысты. 

Шара барысында өңір дамуының негізгі факторы ретінде қалдықтарды басқару саласындағы маңызды мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, экологиялық заңнаманың жаңа принциптері, өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу мен «жасыл» бизнесті дамыту жәйі де сөз болды. Форум аясында аймақтағы қалдықтарды қайта өңдеуге ден қойған  компаниялар өнімдерінің көрмесі өтті.

Александр Елькин, қалдықты қайта өңдеу кәсіпорнының директоры:

– Пластик бұйымдардың қалдығын құммен араластырып, оған бояғыштарды қосу арқылы мынадай жоғары сапалы плитка өндіруге қол жеткіздік. Бұл өнімдерімізді бірнеше жыл бойы тротуарларға төсем ретінде пайдаланып келеміз. 

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының бас директоры Джанкарло Руюдың айтуынша, өндіріс ошағы қалдықтарды қайта өңдеу, полигондарға қалдық тастаудың көлемін азайту және қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға күш салып отыр. Қоршаған ортаны қорғау мәселесінің мән-маңызы зор екеніне өңір басшысы Ғали Есқалиев те жан-жақты тоқталды.    

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

– Форумның басты мақсаты – ата-бабаларымыздан аманат болып қалған жерімізді сақтап қалу. Соңғы кездері қазіргі заманның басқа сын қатері шығып отыр. Бұл экология мәселесі. Біздің топырағымыз құнарлы, суымыз мөлдір, ауамыз таза болмаса, онда басқа барлық жұмыс бекерге шығуы мүмкін. 

Форум барысында көтерілген  мәселелер алдағы жұмыс барысында ескеріледі. Сонымен бірге, маңызды шешімдер Батыс Қазақстан облысының тұрақты даму стратегиясын дайындау жұмысында назарға алынбақ. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов