Елде интернет-алаяқтардың қатары көбейіп барады

Ақтөбе облысында түрлі айла-амалдар арқылы тұрғындарды алдап, ақшасын иемденетін алаяқтар көбейіп барады. Ғаламтор желісі арқылы әрекет ететін қаскөйлер ақтөбеліктердің қалтасына да, картасына да түсуді әдетке айналдырған. Тергеу барысында тұрғындардың өзге өңір мен шетел азаматтарына алданғаны анықталды. Қазір полиция алаяқтардан зардап шеккендердің шағымын қарап жатыр. Таяу күндері онға жуық іс сот қарауына жолданбақ.

Алаяқтарға алданып, 200 мың теңгесінен айрылған Ерлан Жылқыбаев қазір полициядан көмек күтіп жүр. Армандаған көлігін интернет желісінен іздеуі оның опық жеуіне әкеп соқтырған. Бірақ, алғашқыда 20-дан жаңа асқан жігіттің еш күмәні болмапты. Тіпті, өзіне лайықты темір тұлпарды арзан бағада тапқанына қуанып, сатушының қойған бар шартын орындаған. Алайда электрондық есеп-шотына көлік құнының бір бөлігін аударған соң, байланыс үзілген.       

Ерлан Жылқыбаев, қала тұрғыны:

– Көлік арзан болып шықты. 650 мың теңге сұрады. Сатушы өзінің реквизиттерін жіберді. Ресей счетының реквизиттері болды. Соған 200 мың теңге қосымша төлем сұрады. Көлік ұнап тұрған соң қызықтым. Тағы 200 мың теңге Ресей счетына салдым. Сол ақшаны салғаннан кейін көліктің мекенжайын айтамын, алып кетесің, – деді. Одан кейін байланысқа шықпай қалды. Хабарластым, телефондары өшірулі болды. Содан кейін осындай жағдайға түскенімді білдім. Полицияға барып арыз жаздым. Енді шешіледі деп үміттенемін.

Ақтөбе өңірінде интернет-алаяқтықтың көбейе түскенін полицейлер де мойындап отыр. Мәселен биылғы 9 айда тіркелген дерек өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі жарым есе көп. Нақты айтқанда, 876 дерек. Талдау барысында, өзгенің төлқұжаты мен басқа да ақпараттар арқылы қаржы ұйымдарынан несие алу, сайттарда жарияланған жарнама берушілермен байланысып, олардың ақшасын қағу және банктің атын жамылып хабарласу арқылы жұрттың карталары мен есеп-шоттарындағы қаржыны иемденгені белгілі болды. Пәтер, жер құжаттарын рәсімдеу мен «жұмысқа орналасуға көмектесемін» деген жалған уәдеге сенгендер де жетеді. Ал, алаяқтарға кеткен ақшаның көлемі әртүрлі. Полицияға түскен істердің ішінде бір адамның бір жарым миллион теңгесінен қағылған шағымы да бар.  

Серік Шалхаров, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының басшысы:

– Күдіктілер бұл басқа облыстан да бар. Өйткені бір жерде отыратын нақты осы Ақтөбенің адамдары деп айта алмаймыз. Өйткені көп қылмыскерлерді ұстаймыз, білеміз. Олар басқа облыстан болып келеді. Біз басқа облысқа іссапармен барып, оларды алып келіп жатқан да жағдайларымыз бар. Интернет жүйесі арқылы да хабарламалар таратып жатқан жайымыз бар. Профилактиканың ішінде осы барлық тұрғындарға жеткізу де бар. Интернет-алаяқтардың қандай әдістері бар екенін, қалай оған түсіп қалмау керектігін түсіндіреміз.

Полиция қызметкерлері алаяқтардың заңсыз әрекеті көбінесе ғаламтор арқылы болатындықтан оларды шұғыл қолға түсірудің оңай емес екендігін айтады. Алайда тәртіп сақшыларының да тәжірибесі артып, қазір білікті мамандардан жасақталған тергеу тобы құрылған. Ал, жыл басынан бері қолға түскен бес топқа қатысты істің кейбірі бүгінде соттың қарауында жатыр. Дегенмен, сарапшылар қылмыстың бұл түрін жою мүмкін емес дейді. Себебі, пандемия кезеңінен бері интернет сауда да қызып тұр. Сондықтан адамның өзі алаяқтың құрбаны болудан сақтанғаны дұрыс.

Руслан Шамырханов, сарапшы:

– Сенімділік қой. Басқа адамдар «мені алдамайды» деген үмітпен тез сеніп қаламыз. Адам нақтылау үшін қосымша сұрақтарын қою керек. Мысалы, қандай мекемеден хабарласып жатқанын, қандай себеппен, егер карталардың нөмірлерін, пин-кодтарды сұрап жатса, 20 санды банктің кодтарын сұрап алса, олар көбінесе алаяқтар болуы мүмкін.

Жалпылай алғанда, жыл басынан бері 200-ге таяу істің беті ашылған. Бүгінде осы алаяқтықтың алдын-алу және оған қарсы күрес күшейтілді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев