Қазақстанда келер айдан бастап 12 жасқа толған балаларға вакцина салынады

Келер айдың соңында 12 жасқа толған балаларға коронавирусқа қарсы екпе салына бастайды.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері хабарлап отыр. Ол үшін елге арнайы Пфайзер компаниясының вакцинасы әкелінеді. Екпе медициналық мекемелерде ғана салынады. Ол үшін ата-аналар жазбаша түрде рұқсат беруге тиіс. Екпе салмас бұрын әр баланың денсаулығы тексеріледі. Вакцинаның дозасы 0,3 миллилит. Дәрігерлердің айтуынша, қан аурулары, сал ауруына шалдыққан, Даун синдромы бар жеткіншектерге де вакцина салдыруға болады.

Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ҰО басқарма төрағасының орынбасары:

– Балалар тек қана тасымалдаушы болады екен, оларда коронавирус жеңіл өтеді екен деген тағы бір түсінік бар. Баланың ағзасына  вирустың қомақты дозасы түссе, ол ауыр деңгейде өтуі мүмкін. Халық арасында дұрыс түсінік болуы қажет. Бұл вакцина балаларымыздың денсаулығына коронавирустың зардабын төмендетеді.