Еуропадан енді картоп әкелуге тыйым салынуы мүмкін

Германиядан картоп тұқымын әкелуге тыйым салынуы мүмкін.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қалыптасқан жағдайға байланысты ұстанымы осы. Таяуда Еуропа, оның ішінде Германия және Нидерландыдан әкелінген өнімнен жұқпалы бактерия табылған болатын. Соның салдарынан павлодарлық шаруалар шығынға батқан еді. Сонымен қатар, солтүстік өңірлерде құс тұмауының тағы бір ошағы анықталған болатын. Мамандар бұл ауру да шетелден тиісті вакцинасыз әкелінген құстан тарады деген уәж айтады.

Бауыржан Абызбаев, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

– Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысында пайда болған құс тұмауының ошақтары басқа жақтан әкелінген вакцина жасалмаған құстардан шығып отыр. Енді қазіргі таңда бұл бойынша эпидзооахуал тұрақты. Мына атап өткен ошақтардан басқа жақтан шыққан жоқ.

ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНАН КОРОНАВИРУС АНЫҚТАЛҒАН ЖОҚ

Министрлік өкілдері үй жануарларын вакциналау мәселесіне де тоқталды. Енді елімізде мысық немесе иттерге екпе салу ерікті түрде жүргізілуі мүмкін. Ол үшін арнайы вакциналар бар. Дегенмен, бұған асығудың қажеті жоқ. Елде коронавирустың үй жануарынан адамға жұғу жағдайы тіркелмеді. «Оның үстіне, бұл дерек ғылым тарапынан нақты дәлелденген жоқ», - дейді мамандар.