БҚО: мектептер қауіпсіздікпен толық қамтылмаған болып шықты

Батыс Қазақстан облысында мектеп камераларын жедел басқару орталығына қосу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Полицейлер компьютерден бақылай алатын білім мекемелерінің саны 10%-тен аспайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – қаладағы №3 мектеп. Мұнда 16 бейнебақылау құрылғысы бар. Жабдықтар биыл тамыз айында жедел басқару орталығына қосылған. Енді полицейлер қауіпсіздікті қадағалап отырады.

Любовь Юшина, қалалық №3 орта мектебінің директоры:

– Сонымен қатар мектепке 3 дабыл түймесі алынды. Олардың біреуі вахтердің қарауында. Екіншісі мектеп қабырғасына ілінді. Ал үшіншісі мектеп директорының қолында болуы тиіс. Оқыс жағдай болғанын алғаш байқаған адам түймені басып, өзгелерді хабардар ете алады.

Алайда білім ордасының кіреберісінде турникет жоқ. Ішке кіріп-шыққан адамдардың жеке мәліметін жіті тексеру күзетшіге қиынға соғады. Мұның арты оқыс жағдайға апарып соқтыруы мүмкін. Ал келесі мектептің жағдайы керісінше. Турникет қойылғанымен, бейнебақылау құрылғылары жедел басқару орталығына қосылмаған болып шықты.

Шынар Сағынғалиева, Ә. Молдағұлова атындағы мектеп-лицейінің директоры:

– Жоспарда бар. Бүгін-ертең тіркеледі деп күтіп отырмыз. Камера арқылы сыртта болып жатқан, іште болып жатқан әрекеттерді бақылай отырып, оқушылардың тәртібін қадағалаймыз. Кей кездерде бір нәрсенің жоғалуы барысында тапқандарымыз болды. +Бөгде адамдардың келе жатқанын көрген кездер де болды.

Облыста 372 мектеп бар. Білім басқармасының өкілі соның барлығына камера қойылғанын айтты. Әйткенмен полицейлердің тікелей бақылауына алынған мектептердің саны саусақпен санарлық.

Фарида Сүлейменова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Білім беру мекемелерінде қазір 11 мыңнан астам бейнекамера орнатылды. Соның қазіргі 37 мектептің камералары жедел басқару орталығына қосылды. Жылдың аяғына дейін әлі 69 мектепті қосуды жоспарлап отырмыз. Турникетпен қазіргі таңда 20 білім беру мекемесі қамтылып отыр.

Ауылдық жерлерде бейнебақылау құрылғыларын бір орталықтан басқаруға интернет сапасы да кері әсерін тигізіп тұр.

Айгүл Қасымова, Тасқала аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

– Қазір ауданда тек 4 мектептің камераларын жедел басқару орталығына қосу көзделіп отыр. Қаржы қарастырып жатырмыз. Ал өзге мектептерде интернет сапасы төмен болғандықтан әзірге қоса алмаймыз.

Полицейлер жедел басқару орталығына қосылған мектептерде әзірге құқықбұзушылық деректері тіркелмегенін мәлімдеді.

Арман Нұрымов, жедел басқару орталығының аға инспекторы:

–  Биыл тамыз айында мектептердегі 460 камера орталыққа қосылды. Сонымен қатар 26 балабақша бақылауға алынды. Тест режимінде құрылғыларды тексеріп көрдік. Күні бүгінге дейін оқыс жағдайлар болған жоқ. Шұғыл хабарлама түскен жағдайда жақын жердегі полицейлер оқиға орнына кемінде 5 минутта жетеді.

Қалған мектептердің камераларын полицейлер қашан толығымен назарға алатыны белгісіз. Бұған білім басқармасынан да нақты жауап жоқ.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов