Көкшетауда 4 мыңнан астам студент баспанасыз жүр

Жоғары оқу орындары мен колледж жатақханаларындағы орын тапшылығы оларды әбден әбігерге салған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті еліміздің өзге аймақтарынан оқуға барғандар да қиындыққа тап болып жатыр.

Шымкент қаласынан білім іздеп келген Жаңыл Темірхан қазір достарымен пәтер жалдап тұрады. Өзге студенттер сияқты оған да жатақханадан орын бұйырмаған.

Жаңыл Темірхан, студент:

- Көптеген студент шашырап жүрді. Вокзалда да қонғандар бар. Бір бөлмені 7-8 қыздан жалдап жатты. Оларға кейін айтты, өтініш жазыңыздар деп. Бірақ ол көпбалалы балалар, жалғызбасты ата-ана болған жағдайда қабылданады. Ал қалғандарыңыз пәтер іздеңіздер деді. Содан кейін бәрі пәтер іздеп өз жолымен кетті.

Қалада жалдамалы пәтер құны 60 мың теңгеден асады. Ал жатақханадағы орындардың көбі «Серпін» бағдарламасымен өзге өңірлерден келген студенттерге беріледі. Қазір бір ғана жоғары оқу орының 1000-нан астам студенті жатақханаға мұқтаж. 150 студенттің баспана мәселесін реттеу мақсатында шаһардағы қонақ үйлердің бірімен келісім жасалған. Онда тұратындар айына 37 мың теңгеден төлейді. Бұл әлдеқайда қолайлы. Ал жаңа жатақхананы жеке кәсіпкерлердің көмегімен салу жоспарланып отыр.

Ғалым Байтүк, Ш.Уәлиханов атындағы көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры:

- Мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында 500 орындық жаңа жатақхана құрылысының құжаттарын дайындап жатырмыз. Құрылыс жұмыстарына қолдау көрсететін кәсіпкер де табылды. Енді қордаланған мәселе де шешімін таппақ.

Өңірде 2025 жылға дейін 2700 орындық 7 жатақхана салу жоспарланып отыр дейді жауаптылар.

Валерий Гамазов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы»аясында үш колледж жатақханасының құрылысы басталды. Осылайша 900 студентті жатақханамен қамтамасыз ете аламыз.

Инвесторлардың жатақхана құрылысымен айналысуға құлқы жоқ. Ал өңірдегі өзге де жатақханалармен бірнеше рет келіссөз жүргізілген. Тіпті мемлекеттік субсидия төлеуді де ұсыныпты. Алайда кәсіпкерлер оған келісім бермеген. Білім басқармасындағылардың айтуынша, егер білім беру мекемелері студенттердің 30 процентін жатақханамен қамтамасыз ете алмаса, онда лицензиядан айырылуы мүмкін. Алайда әзірге өңірде мұндай жағдай болған жоқ.

Асланбек Шығыр, Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный