Атыраудағы «Гауһартас» тұрғын үйін паналаушылар жылусыз қалуы мүмкін

Атырауда осыдан 3 жыл бұрын салынған тұрғын үйдің құжаттарынан шыққан кілтипанның кесірінен тұрғындар жылусыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай былтыр тұрғындар қалалық әкімдікке хат та жолдапты. Алайда оған еш жауап болмаған. Құжатты қалпына келтіру әлі күнге мүмкін болмай отыр.

Мына 3 тұрғын үйдің біреуі ғана жылу жүйесіне заңды түрде қосылып отыр. Ал қалған қос үй тұрғындарының енді жылуға төлейтін шығыны екі есеге ұлғаймақ. Өйткені құжаттағы қателіктің кесірінен арнайы мекеме жылу беруді тоқтататындарын жеткізген. Олай болмаған күнде тариф бағасы өсетінін айтыпты.

БЛИЦ:

- Құжатта тек мына бір үйдің қазандығы тұр. Екі үйдің қазандығы жоқ құжат бойынша.

- Осы жердің бәрі біледі. Ешкім қозғаған жоқ. Өзіміз үшін жылуды қостырып аламыз. Былтыр әкімдіктен адамдар келді осы жерге. Уладық, шуладық, қосты.

Бұл шикілікке үйді салғандар кінәлі дейді тұрғындар. Өйткені олар әуелде құжатты арнайы мекемеге дұрыс өткізбеген. Тіпті осы мәселе бойынша үйдің құрылысымен айналысқандарға да хабарласпақ болған. Бірақ байланыса алмапты. Тұрғын үйде құрылған пәтер иелері кооперативінің өкілі де жауапты мекемеге табан тоздырып, талай мәрте барғанын айтады. Бірақ еш нәтиже болмаған.

Нұрболат Дармұқанов, пәтер иелері кооперативінің өкілі:

- Пломбаны шешуге келгенде айтып тұр: егер құжат болмайтын болса, онда 10 күн уақыт береді, 10 күн ішінде құжат жасалмайтын болса, олар пломба қойып, газды жабады. Немесе күш арқылы төлейтін болады. Бірақ ол халыққа тиімсіз болғандықтан, бізде тек бір бағыт – құжат жасау керек болады.

Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы бұл мәселемен таныс емес екенін жеткізді. Бірақ жағдай толық назарға алынатынын айтты.

Данияр Мүшішов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– «Гауһартас» мәселесі бойынша, газ мәселесі жөнінде облыстық әкімдік өз бақылауына алады. Және әкімдік «Газаймаққа» заң аясында тапсырмалар беретін болады.

Күн суытқан шақта жылусыз қаламыз ба деп қорқып отыр тұрғындар. Бірақ құжаттағы қателіктердің қашан реттелетіні де белгісіз. Оған қоса тұрғындар жылу, жарық жүйесінің тозғанын да жасырмады.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин