СҚО-да жемқор шенеуніктің кесірінен облыс әкімінің орынбасары қызметінен кетуі мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысында жемқор шенеуніктің кесірінен облыс әкімінің тағы бір орынбасары қызметінен кетуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы аптада денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Сақтағановтың 200 мың теңге пара алғаны дәлелденіп, сот үкімі шықты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, оған 5 млн 800 мың теңге айыппұл салынды. Енді осы салаға жауапты орынбасар жұмыстан арыз жазып кетуі тиіс. Соңғы шешімді әкімнің өзі қабылдайды. Қоса кетейік, былтыр Құмар Ақсақаловтың тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, құрылыс жөніндегі орынбасары Федяеев те орнын босатқан болатын.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

– Біз заңға бағынамыз. Егер бағынышты қызметкердің кінәсі дәлелденсе, онда орынбасарым отставкаға кету туралы арыз жазады. Денсаулық сақтау саласына Асқар Сақыпкереев жауап береді.