430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ит-мысықты қорлағандар қамауға алынады

  • 95
  • UPD: 15:33, 27.10.2021
Ит-мысықты қорлағандар қамауға алынады

Бүгін Мәжілісте жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесіне арналған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, асыраушылар өз жануарларын міндетті түрде ветериналық есепке қоюы тиіс. Осылайша үй ішіндегі жануар туралы ақпарат мәліметтер қорына енгізіледі. Мұндай жүйе қазіргі таңда Алматы қаласында қолданылып жатыр. Шалғай аудандарда үй жануарларын есепке алу үшін мобильді қызметтер іске кіріседі.

Айта кетерлігі, тіркеуге қатысты барлық шығынды иесі өзі көтермек. Ал қаңғыбас ит-мысықтың есебіне қатысты экология министрі мынадай түсініктеме берді.

Серікқали Брекешев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстарды қорғау министрі:

– Қаңғыбас ит-мысықтарды аулайтын қызметтер оларды ұстап, арнайы орталықтарға уақытша орналыстырады. Ол жерде ит-мысыққа ен қойылады. Тиісті вакцина салынып, зарарсыздандыру жүргізіледі. Осыдан кейін алып кетуге ешкім ниет танытпаса, ит-мысықтар қайта көшеге жіберіледі.

Сонымен бірге ит-мысық асыраудың нормасын сақтамайтындар немесе қасақана зәбір көрсететіндер қатаң жазаға тартылады. Заң жобасына сәйкес, Қылмыстық кодекстің 316-бабына тиісті өзгерту енгізілді. Жануарды ұрып-соғып, жарақаттаған жағдайда азаматтарға 120 айлық есептік көрсеткіш, яғни 350 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Немесе бір айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жануардың өлімі тіркелсе, жарты миллионнан астам айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамаққа алынады. Ал топ болып хайуанды көптің көзінше қинап, оны әлеуметтік желіге жүктесе, онда салынатын айыппұл мөлшері 3 млн-ға жуықтайды. Тіпті адамдар жұмысынан айырылып, екі жылға дейін қызметінен қол үзуі мүмкін. Бала жануарды зәбірлесе, оған ата-анасы жауапты болмақ.

Марат Қожаев, ҚР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

- Заң ұстанымы бойынша балалар әкімшілік жауапкершілікке, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оған шейін жасаған қиянаттары үшін ата-аналары жауап береді.

Хабар 24 телеарнасы