Қазақстанда қандастарға ортақ ақпарат алаңы ашылмақ

Елімізде шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының басын біріктіретін ассоциация құрылды.

Оған әлем бойынша 88 ақпарат көзі мүше болады. Жаңа ұйымның жетекшісі болып, сенат депутаты Нұртөре Жүсіп сайланды. Бұдан былай, әлемдегі қандастарға ортақ ақпарат алаңы да ашылмақ. Отандастар қорының жанынан құрылған қауымдастықтың бірінші басқосуында алдағы жұмыс жоспары бекітіп, қандастардың ұсыныстары қабылданды. Әсіресе, жер жаһанннан қазақша жаңалық тарататын ақпарат көздеріндегі терминдерді бірізділендіру маңызды болып отыр. Тілдік қорды жетілдіру мақсатында журналистерге атажұртында тәжірибеден өту мүмкіндігі де қарастырылмақ.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жиында бірқатар ұсыныс айтылды. Терминдік мәселелерді бір ізге келтіру. Мысалға айталық, Қытай мен Маңғолия қазақтары тышқанды «тінтуір» деп айтады. Осы сияқты терминдерді біз ізге келтіріп алу керекпіз. Тәжірибе алмасуы. Сырттағы қазақтардың кейбірі Қазақстанды естігені болмаса есігін ашпағандары да бар. Солар келіп, біздің үлкен БАҚ ордасында болса жақсы болар еді.