434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматы қалалық мұражайында «Самаурының сарқылмасын» көрмесі ашылды

  • 93
  • UPD: 18:53, 27.10.2021

Алматы қалалық мұражайында «Самаурының сарқылмасын» атты көрме ашылды. Бұл көрмеден 19-ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейінгі самаурындарды көре аласыз. 

Қазақтың келелі әңгімесі дастарқан басында айтылған. Содан болар самаурын қазақ табиғатымен етене араласып кетті. Оның маңызды болғаны соншалық, бір самаурынды 20 қойға айырбастап алған кездер де болған екен.

Қайрат Тарбаев, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің орынбасары:

- Қазақ мәдениетінде, қазақ философиясында самаурынды киелі нәрсеге балаған, төрінен орын берген, сондықтан әр қазақтың ойында өзінің бала кезіндегі буы бұрқыраған самаурынның қасында отырып, әжесімен бірге шайын ішкені әркімнің жадында болар. Соны мынау келген қонақтарға жадында жаңғырту мақсатында біздің кешегі өткен тарихымызды таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрме.

Мұнда сіз от қайнатар шоқ самаурынды да, электрлі тоқ самаурынды да, тіпті керосинмен қайнайтын самаурынды да көре аласыз. Жасалған шикізатына қарай жез, мыс, фарфор самаурындар да осында. Оттығын түтін мүжіген бұл самаурындар берекенің, бірліктің көзіндей боп бізге жеткен.

Қайрат Тарбаев, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің орынбасары:

- Шығыс халқына тән самаурындар – құман самаурындар. Бұлар орта ғасырдан бастап жасалған деген деректер бар. Қазіргі біздің көрмеде көрсетілген құман-самаурындар 19-ғасыр басында Шығыс Түркістанда жасалған, осы Орта Азияда жасалған құмандар. 

Құман-самаурынға қарап, самаурындардың әр елде әр формада болғанын түсінуге болады. Көрмеге қойылған әйгілі шеберлер ағайынды Баташевтардың, Ворошилов, Слюзбергтердің қолынан шыққан тулалық самаурындардың сыры кетсе де, сыны кетпеген, көздің жауын алады.

Айым Қайырбек, көрмеге келуші:

- Самаурын жайлы болғандықтан келіп отырмыз, қызық болғандықтан. Бұрынғы ата-әжелеріміз қандай кесе, самаурыннан ішті, қандай самаурынның түрлерінен ішті, сол себепті келіп көруді жөн көрдік, сопақ, банка тәрізді, кувшин дейді ғой, сол тәрізді, үлкені де, кішісі де, барлық түрі бар екен. 

Еркін Құдайберген, көрмеге келуші:

- Шайдың дәмі де бөлек отқа қайнаған, судың да дәмі бөлек. Сондықтан отбасымызбен келіп қалдық. Тамаша. 

«Ақ шәйнек, сары самаурын тұрса қайнап,

 Отырса қыз-бозбала күліп-ойнап...»

Берекелі өмірді салсерілік дәстүрдің соңы, әнші және композитор Кенен Әзірбаев солай сипаттайды. Тарих қойнауына ұзаған жылдардың көзі болып, осы самаурындар қалды. Көрмеге мұражай қорынан елуден аса экспонат қойылған. Самаурын көрмесі бір аптаға созылады. 

Кәмшат Әбілқызы, Валентин Лобанов, Кәмшат Әбілқызы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы