ШҚО-дағы Рассыпное ауылына су кестемен беріледі

Шығыс Қазақстандағы Шемонайха ауданы Рассыпное ауылы ауыз суға жарымай отыр. 700-ден астам тұрғыны бар елді мекенге су кестемен беріледі. Кей көшеге оның өзі жетпей қалады. Тіршілік нәрінен тарлық көрген ауылдықтар бұған наразы. Жалпы ауданда осындай бес ауыл бар. 

- Мы собрались с жительями, пошли к акиму чтобы нам аким обяснил. А нам аким просто сказал а кто вакцинированный, а кто нет развернитесь и уйдите. 

Ауыл әкімінің алдына барған ел тек осындай жауап алып қайтады екен. Татьяна Иванова күні бойы жұмыста жүрсе де «кестедегі уақытқа үлгерем бе, жоқ па» деп есі шығады екен. Өйткені жолдасы егіс алқабынан оралады. Су алып үлгермесе ас та жоқ. Жуыну да қиямет-қайым.

Татьяна Иванова, ауыл тұрғыны:

- Су сағаттап беріледі. Мен кешкі тоғызда үйге келемін. Бірден жанталасып су жинап алуға тырысамын. Өйткені бір сағаттан соң өшіп қалады ғой. Бірақ құбырдан алдымен жиналған ауа шығады, соңынан тұрып қалған сап-сары су ағады. Осының барлығын жіберіп таза суға жеттім бе, жетпедім бе дегенше уақыт та кеп қалады. Сөйтіп, кейде сан соғып, ыдысымыз бос қалады.

Ал Светлана Болотникова сағатпен берілетін суға да зәру. 

Светлана Болотникова, Рассыпное ауылының тұрғыны: 

- Біздің көшедегі құбырдан ақау шықты, сол беті жөнделмей қалды. Қазір көршілер колонка қазып алды, менің ғана шамам жетпейді. Енді сол көршілерімнен сұрап ішіп отырмын. Осылай жүргеніме 4 жыл өтті.

Құбыр дейтіндей ауылда құбыр қалмапты. 7 шақырымға созылатын желінің сау тамтығы жоқ. Тіпті қайта жалғап амалдауға да жарамайды.

- Вот получится да показать или нет показать, какую воду насколько трубы загрязнены, какую грязь мы пьем. 

Рассыпноедағы су желісінің шіріп кеткенін әкімдік те біледі.Осымен екінші рет облыстық бюджетке өтініш беріпті. Барлық жүйені ауыстырып, құбырды жаңалау үшін соңғы жолы 270 миллион теңге сұраған. Алайда әзірге мақұлданбады. Сондықтан ағымдағы жөндеумен амалдау үшін аудандық бюджеттен соңғы  екі жылда 19 миллион теңге жаратыпты. Жамап жасқау жұмыстары әлі жүріп жатыр. Қосымша ұңғыма, тіпті мұнара да салынған. Алайда құбыр су қысымына шыдар емес.

Бақытжан Молдаханов, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары:

- Су резервуарының жанына су мұнарасын орнаттық. Соны бірге байланыстырып, су көлемін екі есе үлкейтіп, ауылға үздіксіз су беру мәселесін шешкелі отырмыз. Бірақ берген сайын, жұмысты атқарған сайын су құбыры шыдамай, қысымға шыдамай отыр. 

Жаз бойы жаңбырға да, құбырдан келетін суға да жарымаған жұрттың бау-бақшасы да мандытып өнім бермепті. Ауыз су мәселесі тек су құбыры толығымен ауысқанда ғана шешілетіні белгілі. Бірақ ондай мүмкіндіктің қашан туары белгісіз. Жалпы бұл ауданда Сугатовка, Горкунова, Медведька сынды бірнеше ауылдың көрген күні осы. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов