Қарағанды саябағындағы шағын көлге лай су төгіліп жатыр

Қарағандының орталық саябағындағы шағын көлге лай су төгіліп жатыр.

Бұл жағдай тұрғындардың наразылығын туғызуда. Алайда қала әкімдігінің жауапты мамандары судың таза екенін айтып ақталады. «Қоршаған ортаға еш зияны жоқ» дейді.

Айтуларынша, қалаішілік су құбырларының салынғанына 40 жылдан асқан. Әбден тозығы жетіп, кей тұстары шіри бастапты. Осыған орай ұзындығы 8,6 шақырым болатын құбыр ауыстырылған. «Оны шаю кезінде ішінде жиналып қалған құм сумен араласып, түсі өзгерді» деп түсіндірді әкімдік өкілдері.

Николай Сеньковский, «Қарағанды су» ЖШС сумен қамту қызметінің басшысы:

- Суды тоқтатпаймыз. Әлі бірнеше күн ағады. Себебі құбырдың ұзындығына, диаметріне қарай су жіберіледі. Оның барлығы ағып болғанша біраз уақыт алады. Құмға бола алаңдаудың қажеті жоқ. Ол көлдің тұңғиығына барып тұнады.